Әлеуметтік əлсіз санаттар үшін грант санын көбейту керек – Базарбек Түкібай

29 Мамыр 2020, 12:41
3512
Бөлісу:
Әлеуметтік əлсіз санаттар үшін грант санын көбейту керек  – Базарбек Түкібай
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еуразия ұлттық университеті ақпарат орталығының маманы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Базарбек Түкібай президенттің қатысуымен өткен онлайн Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде талқыланған мәселеге өз пікірін білдірді. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі пәрменді құрылымға айналып келеді. Оған күні кеше ел президентінің төрағалығымен онлайн-форматта өткен Ұлттық кеңестің үшінші отырысы дәлел. Мемлекет басшысы төрағалық еткен жиында адам капиталын дамыту, білім беру, денсаулық сақтау мәселелері талқыланды. Басқасын айтпағанда, білімге алты есе, ғылымға жеті есе қаржы бөлініп, грантқа бөлінетін қаржы үш есе артатын болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында дарынды жастардың шетелге кету мəселесіне ерекше назар аударды және мұның себептерінің бірі ретінде жоғары білім беру жүйесінің бəсекеге қабілетсіздігін атап көрсетті, - деді ол.

Сонымен қатар, қазақстандық университеттердің базасында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының кампустарын ашу керектігі, он университетте академиялық басымдық деп аталатын студенттердің тұруына қауіпсіз əрі жайлы орталықтар құрылып, алдағы бес жылдың ішінде кемінде 90 мың жатақхана орны салынатындығы туралы айтқаны ұлт болашағына жанашырлық деп қабылдағанын жеткізді.

Сондай-ақ президент елімізде грант құны тоғыз жылдан бері өспегенін, еліміздің он жоғары оқу орны əлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы керектігін атай келіп, жоғары білім беру сапасының негізгі көрсеткішінің бірі – осы екенін айтты. Мемлекет басшысы бұл межеге жетудің де уақытын көрсетіп берді. Әсіресе, қос дипломды бағдарламаларды, студенттердің, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамының ішкі жəне сыртқы академиялық ұтқырлығының түрлі формаларын дамытуды тапсыруы көңілге қуаныш ұялатты, - деді жазушылар одағының мүшесі.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, білім саласының сапасын жақсарту үшін білім ордаларына қойылатын талаптың күшейтілетінін және осыған байланысты дипломды шүлендей тарататын оқу орындары жабылатынын атап көрсетті. 

Президент өз сөзінде жоғары оқу орындарын кезең-кезеңімен салаландыруға, мамандықтарды толықтырып, білім сапасын арттыруға жағдай жасаған жөн. Білім сапасын жақсартудың маңызды қыры – академиялық адалдық мəдениетін енгізу жəне жан-жақты тарату. Министрлік "Академиялық адалдық лигасына" мүше жоғары оқу орындарын дамытуға жəне қолдауға міндетті. Ең маңызды мəселе – жоғары білімнің қолжетімділігі. Мемлекеттік білім гранттарын бөлу жүйесінде ауқымды əлеуметтік құрамды қарастыру керек деп санаймын. Яғни үміткердің оқу жетістіктеріне ғана емес, оның əлеуметтік экономикалық жағдайына да назар аударған жөн. Аз қамтылған отбасылар үшін, азаматтар мен жастардың əлеуметтік əлсіз санаттары үшін грант санын көбейту мəселесін қарастыру керек. Жоғары білім ақысын төлеу үшін жеңілдетілген несие беру – қолдаудың тағы бір түрі болар еді. Үкіметтен, сондай-ақ Ұлттық кеңес мүшелерінен осы мəселе бойынша өз ұсыныстарын жасауды сұраймын деген болатын, - деді Базарбек Түкібай. 
Ол сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігіне де тоқталғандығын атап өтті. 
Бұл орайда тіл комитетін 2021 жылдан бастап білім жəне ғылым министрлігінің қарамағына өткізу керектігі туралы айтқан ой-орамдары өте орынды. Өйткені бұл қазақ тілін оқыту əдістемесін əзірлеу мен оны үйрету ісіне қатысты əлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, президент біздің ғылыми инфрақұрылым еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді шешуге əлі қауқарсыз екенін атай келіп,  ғылым кадрларын даярлау үшін, ең алдымен, оларға жағдай жасау керектігіне тоқталды. Бұл тұрғыда жыл сайын кемінде 100 ғалымның əлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне қаржы бөлу керектігі және жетекші ғылыми орталықтарымызға докторантурадан кейінгі ізденіс үшін арнаулы мемлекеттік тапсырыс беру туралы айтқан сөзі  жас ғалымдарымыздың көңіліне қуаныш ұялатты, - деді орталық маманы.

Сонымен бірге, Базарбек Түкібай президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі адам капиталын дамыту, білім беру, денсаулық сақтау мәселелері төңірегіндегі сөзінен ұлт болашағына деген нағыз жанашырлық пен қамқорлықты көретінін тілге тиек етті.

Өзгелердің жаңалығы