Әлеуметтік кәсіпкерлікке тектен-тек келмейді – жас ана

6 Ақпан 2020, 13:41
1900
Бөлісу:
Әлеуметтік кәсіпкерлікке тектен-тек келмейді – жас ана
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Әрекет" жобасының жеңімпазы Арайлым Нұғыманова  мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беретін орталық ашып, әлеуметтік кәсіпкер қызметіне келген. Негізгі мамандығы - журналист. 

Арайлым Нұғыманова -  "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды қолдау қорының коммерциялық емес ұйымдарға арналған грантының иегері.
Біз екі бағытта жұмыс істейміз. Біріншісі – Атырау қаласындаға мектептерде инклюзивті сыныптар ашу, яғни ерекше баланы сүйемелдейтін маман апарып, арнайы кабинетті жабдықтаймыз. Осындай екінші кабинет аштық. Екінші бағытымыз – "Әрекет" жобасының қолдауымен жүзеге асқан "Зейін Атырау" ерекше балаларды дамыту орталығы. Қазір орталықта 40-қа жуық ерекше бала білім алып, арнайы мамандардың көмегімен алға басып келеді. Қазан айында іске бастадық. Сол уақыттан бері ДЦП, аутизмі бар балалар, психикалық сөйлеу қабілеті тежелген және Даун синдромы балаларға қызмет көрсетеміз. Логопед, психолог, дефектолог мамандар бар және ең басты ұстанымымыз – АВА әдісі бойынша терапия өткіземіз. Бұл әдіс – практикада дәлелденген әдіс, - деді "Инклюзия. Болашақ Атырау" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Нұғыманова.

Айтуынша, бұл кәсіпке келуіне Сағыныш есімді қызының диагнозы себеп болған. Жас кәсіпкер қызын қоғамға бейімдеу жолдарын іздеп жүріп,  өзге балаларға да көмектесуді қолға алған.
Өзім әлеуметтік кәсіпкерлікке тектен-тек келмеді. Көбіне әлеуметтік кәсіпкерлікке басынан қиын жағдай өткен, соған тап болған адамдар келеді. Менде де сондай болды. Сағыныш есімді қызыма аутизм деген диагноз қойды. Бизнесте пайда табу деген тапсырма тұрады, себебі жалақы төлеу керек, қосымша шығындарды өтеу керек деген. Бірақ менің басты ұстанымым - ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне көмектесу. Статистика бойынша, Атырауда 7-10 жас аралығындағы ерекше қабілеті бар балалардың саны 6 мыңнан асады. Ал, тағы басқа жастарды қоссақ одан да көбейеді. Сондықтан бұл мәселе бар және сол балаларға қол ұшын беру керек. Осындай мақсатта "Samruk -Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды қолдау қорына жобамды ұсынып, жеңімпаздардың қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Оның үстіне, міне, біз үшін арнайы білім сабағын өткізіп жатыр. Бізге үлкен көмек. Қаржылық, құқықтық, салықтық біліммен танысып, күнделікті кездесетін басқа да проблемалардың алдын алуға дайындық жүргізіп жатыр, - деді атыраулық әлеуметтік кәсіпкер.


Өзгелердің жаңалығы