Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматы жартылай марафонында 5 мыңға жуық әуесқой спортшы мәреге жетті. «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қоры бастама болған бұқаралық спорттық іс-шара осымен екінші мәрте өтті.
Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен және әлемнің 26 елінен мыңдаған қатысушы жиналды. Олар Тұңғыш Президент саябағында сөреге шығып, 10 км және 21 км қашықтықты жүгіріп өтіп, Орталық алаңда мәреге жетті.
Спортшыларға Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Рустем Байсеитов пен Алматы марафонының негізін қалаушы және қамқоршылық кеңес төрағасы Ғалымжан Есенов сәттілік тіледі.
«Жүгіру сиқырының күштілігі соншалық, жыл сайын шараға қатысушылардың саны артып келеді. Былтыр 3 500 адам қатысса, биыл 26 елден келген 5 000 спортшы қатысып отыр. Жүгіру трассасы AIMS халықаралық марафон қауымдастығының ережелеріне сай сертификаттаудан өтті. Бұл оның сапалы екенін растап, әлемдік стандарттарға сай екенін білдіреді. Жартылай марафон - қаланың спорттық өмірінің ажырамас бөлігі және «Алматы марафоны» дәстүрінің жалғасуы», - дейді Ғалымжан Есенов.
«Екі күн төңірегінде марафон мен триатлонның тарихы жазылды. Кеше ғана Вена (Австрия) марафонында (42.2 км) әлемге әйгілі жүгіруші Элиуд Кипчоге әлемдік рекордтың иегері атанды. Бүгін таңертең біздің олимпиада чемпионымыз Александр Винокуров Кона қаласында (Гавайи) өткен триатлоннан әлем чемпионатында өзінің жас санатында жеңімпаз атанды. Бұл батылдықтың, ерік-жігердің және спорттық жетістіктердің керемет үлгісі», - дейді Алматы жартылай марафонының директоры Салтанат Қазыбаева.
Мәреге бірінші болып 10 км қашықтыққа жүгіруден жеңімпаздар келді. Амангос Иассауи (32 минут 8 секунд) ерлер арасында өзгелерді озса, Екатерина Парамонова (37 минут 32 секунд) әйелдер арасында бірінші болып мәреге жетті.
Жартылай марафоншылар арасында қызу жарыс басталды. 21 км қашықтыққа жүгіруден алматылық Михаил Красилов (1 сағат 9 минут 15 секунд) жеңіпаз атанды. Қыздар арасында Жанна Мамажанова (Алматы) 1 сағат 19 минут 8 секунд уақыт көрсеткішімен бірінші болып келді. Ең жүйрік ерлер мен әйелдер үштігі 1,5 миллион теңге көлемінде ақшалай жүлде қорын өзара бөлісті. Жүлдегерлер әр жас санатында да анықталды.
Биыл жартылай марафон трассасында медициналық көмекпен қамтамасыз ету жағы күшейтілді.
«Трассада жедел медициналық жәрдем бригадалары, велосипед мінген медиктер, Қызыл Жарты Ай қоғамының еріктілері және Қызыл Жарты Ай қоғамында жаттыққан Қазақ-Ресей Медициналық университетінің ерікті студенттері кезекшілік етті. Тас жолда сонымен бірге Cardios медициналық орталығы дәрігерлерінің шатырлары орнатылды. Ешкім ауыр жарақаттанған жоқ, ал әрбір келушіге шұғыл түрде көмек көрсетілді», - деді жарыстың бас дәрігері Оразбек Сахов.
Ертең, демек 14-қазан күні тоғызыншы Алматы марафонына тіркеу ашылады. Жарыс 2020 жылдың 19 сәуірінде өтеді. 2019 жылы марафонға әлемнің 53 елінен келген спортшылар қатысты.
Алматы жартылай марафонының ұйымдастырушылары – «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес клубы, Академик Ш.Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры, мультиспорттық #Сенің басқа қырың Youtube каналы.