Қоғам қайраткері, экс-сенатор Ләззат Сүлеймен Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты Exit-poll-дың жариялаған алғашқы нәтижесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Exit poll-дың алғашқы нәтижесін көріп, қуандым. Өйткені соңғы уақытта мемлекетімізде орын алып жатқан саяси реформалардың нәтижесін көрсетіп отыр. Өйткені біздің тәуелсіздік тарихымызда бірінші рет ешқандай саяси партия бойкот жасамай, еліміздегі жеті партия түгел қатысты. Екіншіден, солардың қазір Парламентке өтуі үшін 5 пайыз халықтың дауысын алуы керек. Сондықтан қатысқан 7 партияның алтауы Парламентке келіп отыр. Бұл - мемлекетіміздегі жаңа қоғамдық қатынастардың қалыптасуының көрінісі және дәлелі, - деп атап өтті қоғам қайраткері.
Айтуынша, саяси оқиға – өзіндік пікірі бар тұлғалардың көрінуіне себеп болған.
Бүгін осы реформаларға бастамашыл болған халқымызды, Президентімізді, сайлауға келген барлық азаматтарды, кандидаттарды құттықтаймын. Өйткені бұл саяси науқан – біздің саяси билікті, элитаны жаңартуға жасалған үлкен қадам болды. Саясаттың төріне жаңа жастарды, саясатқа таласы бар, өзінің айтары бар халықтың белсенді тобын алып келді. Әрқайсысын бүгінгі жеңісімен, жеңгенді де, жеңбегенді де құттықтағым келеді, - деп ағынан жарылды Ләззат Сүлеймен.
Еске сала кетейік, Qazaqstan ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде өтіп жатқан марафон алаңында Exit poll-дың алғашқы нәтижесі жарияланды.