Алматыда латын графикасына көшу мәселесі талқыланды

19 Желтоқсан 2019, 19:32
2495
Бөлісу:
Алматыда латын графикасына көшу мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда "Латын графикасына көшу жұмыстарының нәтижесі және алдағы міндеттер" атты ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық, әдістемелік, терминологоиялық және сараптама-техникалық жұмыс топтарының біріккен отырысы өтті.

Шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды. Отырысқа тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов және орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, сараптама-техникалық жұмыс топтарыны мүшелері қатысты.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов "Атқарылған жұмыстар мен міндеттер",  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ономастика бөлімінің меңгерушісі Рысберген Қыздархан "Қазақстан азаматтары аты-жөндерінің және Қазақстан географиялық атауларының латын графикалы әліпби негізінде жазылу ережелері",  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының грамматика бөлімінің меңгерушісі Орынай Жұбаева "Қазақ тілінің пунктуациялық ережесі" және  Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжанова "Әліпбиді жетілдіруге байланысты апробациялық жұмыстар нәтижесі" тақырыбында баяндама жасады.

Сонымен қатар, жұмыс топтарының мүшелері алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға байланысты ұсыныстарды нақтылады.

Шараға қатысушы Жанат Аймағанов латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жетілдіруге қатысты жобасын ұсынып, оны ғалымдар талқыға салды. Отырыста ұлттық комиссия жанынан құрылған төртінші жұмыс тобының латын графикасына көшу бойынша 2019 жылы атқарылған жұмыстары қорытындыланды, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жиында жұмыс тобы мүшелерінің әдістемелік құралдар әзірлеудегі есебі тыңдалды.

Өзгелердің жаңалығы