Қазақ тіліне деген қызығушылық соңғы жылдары қарқынды түрде артып келеді. Мемлекеттік тілді үйрену тек қана қарым-қатынас құралы ғана емес, мәдениетті тереңірек түсінудің бір жолы. Бұл туралы Ассамблея Жастар қанатының жетекшісі, оқытушы Юлия Лагуткина айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақ тіліндегі ең үлкен дүние – ойды дұрыс жеткізу
Қазақ тілін үйрене бастағанда ең қиын болғаны – ойымды дұрыс жеткізу болды. Орыс тілінен қазақ тіліне тікелей аударып сөйлеуге тырыстым, бірақ сөздік қорым аз болғандықтан, көптеген сөздерді білмейтінмін немесе дұрыс қолданбайтынмын. Уақыт өте келе көркем шығармаларды оқып, сөздердің қолдану ерекшеліктерін үйрендім. Әсіресе қазақ әдебиеті мен өлеңдерін оқу, мақал-мәтелдерді жаттау тілдік кедергілерді жеңуге үлкен көмек берді, – дейді Юлия.
«Жаным» – ең қазақ тіліндегі ерекше сөз
Юлияның айтуынша, қазақ тіліндегі ең сүйікті сөзі – “жаным”.
Орыс немесе ағылшын тілдерінде сүйікті адамға бұл сөз соншалықты жиі айтылмайтын сияқты. Ал қазақ тіліндегі «жаным» сөзі маған ерекше әсер етеді. Ол адамға деген ерекше ықыласты, шексіз махаббатты білдіреді. Мұндай жылы сөздер қазақ тілінің әсемдігін айқындай түседі, – дейді ол.
Тілді меңгерудің ең тиімді жолы – такси жүргізушілерімен сөйлесу
Юлия тіл үйрену барысында таксиде қазақша сөйлесу әдісін жиі қолданғанын айтады.
Қазақ тілін үйренудің ең жақсы әдістерінің бірі – такси жүргізушілерімен сөйлесу. Олар кез келген тақырыпта еркін пікір алмаса алады. Сондай-ақ дүкен, дәріхана, қоғамдық орындарда қазақша сөйлесуге тырыстым. Бұл әдіс мені жайлылық аймағынан шығарып, сөйлеуден қорықпауға үйретті. Қазақ тілінде өзімді сенімді сезіне бастадым, – дейді ол күлімдеп.
“Сен тон мұғалім”: тіл үйренудегі күлкілі сәт
Тілді үйрену процесінде қателіктер де болмай қоймайды.
Мектепте үшінші сыныпта оқып жүргенде киім атауларын жаттап жүрдік. Бір күні «Вы учительница в шубе» деген сөйлемді қазақша айтуға тырыстым. Ақыры «Сен тон мұғалім» деп айтып қойыппын. Мұғалімім күлімдеп, қатемді түзетті, ал сыныптастарым мәз болды. Бұл оқиға маған сабақ болды, бірақ қазақ тілін үйренуге деген ынтамды бәсеңдеткен жоқ, – деп еске алды Юлия.
Қазақша акценттен қорықпау керек
Юлия қазақ тілінде акцентпен сөйлеуге ұялмау керегін атап өтті.
Шетелдіктер қазақша сөйлегенде акценті бар болуы – қалыпты жағдай. Бастысы – тырысу. Егер күн сайын сөйлеп, жаттығып отырсаңыз, уақыт өте келе акцент те жоғалады. Қазақ тілінде еркін сөйлеу үшін практика маңызды, – дейді ол.
Қазақ тілі - әдемі естіледі
Қазақ тілінің дыбысталуы өте ерекше. Басқа тілдермен салыстырғанда, қазақша сөздер маған жұмсақ әрі әуезді болып көрінеді. Бұл тілдің өзіндік бір сұлулығы бар, – дейді Юлия.
Қазақ тілі арқылы ұлттық құндылықтарды түсінесің
Юлия қазақ тілін үйрену арқылы ұлттық салт-дәстүрлерге қызығушылығы артқанын айтады.
Наурыз мерекесі кезінде ұлттық тағамдар мен ойындарды зерттедім. Мектепте наурыз көже әзірлеп, оның жеті түрлі тағамнан тұратынын білдім. Сондай-ақ, бесік той, тұсаукесер сияқты дәстүрлермен таныстым. Менің ойымша, тілді үйрену дәстүрлерді білуден басталады, – дейді ол.
Қазақ тілін білген адам басқа тілдерді де тез үйренеді
Юлияның сөзінше, қазақ тілін меңгеру арқылы басқа тілдерді жеңіл үйренуге болады.
Қазақ тілін білудің арқасында түрік тілін небәрі үш айда меңгеріп алдым. Тілдердің өзара байланысы көп болғандықтан, біреуін жақсы меңгерсең, басқасын да оңай үйренуге болады, – дейді ол.
Мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың борышы
Юлия мемлекеттік тілді үйренудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі бар. Біз Қазақстанда дүниеге келдік, сондықтан осы жердің тілін, мәдениетін, тарихын білу – әр азаматтың парызы. Қазақ тілін білмейтіндерге оны үйрену керектігін күнде айтамын, – деді Юлия.
Көп тіл білудің артықшылығы неде?
Кейбір адамдар бірнеше тілді меңгергенде олардың араласып кететінін айтып жатады. Алайда Юлияның пікірінше, егер тілді үнемі қолданып жүрсеңіз, мұндай мәселе болмайды.
Тілді тек жаттап қана қоймай, күнделікті өмірде қолдану керек. Сонда олар бір-бірімен араласып кетпейді. Барлығы тәжірибемен келеді, – деді оқытушы.
Қазақ тілін үйренемін дегендерге кеңес
Юлияның айтуынша, ең бастысы – қорықпау және үнемі сөйлесіп отыру.
Қазақ тілінде сөйлесуден ұялмаңыздар. Қате айту – үйренудің бір бөлшегі. Ең бастысы – практика. Тілді күнделікті қолданып отырсаңыз, көп ұзамай еркін сөйлейтін боласыз, – деп сөзін қорытындылады Юлия Лагуткина.