Редакциямызға Түркістан облысы Төле би ауданы Көксәйек ауылының тұрғындары үлкен шағыммен хабарласты. Олардың айтуынша, егін шаруашылығымен айналысып, тіршілік етіп отырған халық сол аймақтағы «Фудмастер-Шымкент компаниясы» ЖШС-дан шығатын қалдық су шаруашылықтарына кедергі келтіріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауыл тұрғындары бұл мәселені біршама жыл бойы көтеріп келе жатқандарын айтады.
Мәселемен барлық мекеменің есігін қақтық. Кәсіпорын басшысына да бірнеше рет шағымымызды айттық. Бірақ сол күйі шешімін таппай келеді. Мекеме басшысы салық төлеп жатқанын айтып, мәселемізді шешпек түгілі, қарамайды да, - дейді олар.
Олар тіпті жеке зерттеу лабораториясынан сынама алғызып, талдау жүргізген.
Біз ауыл тұрғындары болып өз қалтамыздан жеке лабораториядан талдау жүргіздік. Онда нақты қалдық суда улы, химикаттардың бары жазылған. Бірақ жауаптылар оған назар салмай отыр. Осы тұрғыда сыбайластық бар ма деген күдігіміз туындап отыр, - дейді тұрғындар.
Көтеріліп отырған мәселемен Түркістан облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Нұрбек Садықов хабардар болып шықты. Ол бүгінгі таңда көрсетілген аумақтан сынамалар алынып, зертханалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Бұл мереке 2016 жылдан бастап жұмыс істеп жатыр. Мекеме құрылған күннен бастап, құзырлы органдармен келісім жүргізілген, экологиялық рұқсат құжаттары алынған. Бүгінгі күні департамент тарапынан жоспардан тыс тексеру тағайындау мәселесі бойынша заңнама талаптарына сәйкес тиісті рәсімдеу шаралары қабылдануда, - дейді ол.
Ал тұрғындар келтірген шағымдарды асыра сілтеушілік деп бағамдады.
Ол мекеме улы заттар не химия өндіретін зауыт емес. Сондықтан тұрғындардың бақшаларға зиян келтіріп жатыр деуі қисынға келмейді. Нақты оның себебі де сол – зауыт қалдық суынан екеніне де дәлел жоқ, - дейді Нұрбек Садықов.
Ал мекеменің жобалық құжатында «қондырғы арқылы тазартудан өткен соң сарқынды суды тастаймыз» деп анық көрсетілген екен. Мұны жауапты орган да растады.