Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 21 жастағы қыз дәстүрлі емес жолмен емдеймін деп тұрғынның сеніміне кірген. Ол көрсеткен қызметі үшін қомақты сыйақы алған.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне 23 жастағы қала тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, алаяқ емшінің құрбаны болған. Ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында белгісіз азаматша оны әңгімеге тартқан. Артынша өзін емші ретінде таныстырып, емшілік жолмен ауруларыңды емдеп беремін деп сендірген. Осылайша емшінің арбауына түскен қала тұрғыны еш ойланбастан қолына 550 мың теңге ақшасын ұстата салған. Шұғыл шаралардың нәтижесінде 21 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Қазіргі таңда аталған алаяқтық іс бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүруде, деп хабарлайды Қызылорда облыстық ПД баспасөз қызметі.