Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақта «Ақылды» қалалар эталондық стандарты негізінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Білім беру ұйымдарында бухгалтерлік есептің барлық циклі автоматтандырылса, денсаулық сақтау саласында анықтамаларды автоматтандыру бойынша қарқынды жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Юлия Тремасова баяндады.
Биылғы жылдың ерекшелігі аудандық және қалалық 1000-ға жуық білім беру ұйымдарын қаржыландырудың облыстық деңгейге өтуі болды. Білім беру мекемелері 100% копьютерлермен жабдықталып, барлық мектептерде «BilimLand» және «Күнделік» сандық платформалары қолжетімді болды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында «Қазына» бұлтты технологиясының жаңа жүйесі енгізілді. Бұл білім беру саласындағы бухгалтерлік есептің барлық циклін автоматтандыратын кешенді шешім, - деп атап өтті басқарма басшысы.Бұл ретте денсаулық саласында да бірқатар өзгерістер бар. Мәселен рентген, КТ, МРТ, момографияның электрондық суреттерінің бейнелерін жіберу және «DICOM» мұрағаттауға арналған «PACS» жүйесі өңірімізде 13 медициналық ұйымдарында белсенді қолданылады. Медициналық анықтамаларды автоматтандыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Сонымен бірге қалаға қарасты білім беру ұйымдарында 1292, денсаулық сақтау ұйымдарында 703, көп пәтерлі тұрғын үйлерде 992 бейнебақылау құралдары орналастырылған. Олардың 692-і жедел басқару орталығымен ықпалдастырылған.
Ал аймақ орталығында қоғамдық көліктерде электронды билет беру жүйесін орнатылып, бұл жоба да өзінің оң нәтижесін көрсетуде. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі аясында «AlemPay» ЖШС-ның жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылуда. Жыл ішінде «Қызылорда Автобус Паркі» ЖШС-нің 5 қалалық маршруттағы 105 автобустарында стационарлық валидаторлар мен электрондық билеттеу жүйесінің терминалдары орнатылды. Төлем электрондық түрде де, қолма-қол есеп айырысу арқылы да қабылданады. Қазіргі уақытта 14 қалалық маршруттағы жеке тасымалдаушылардың автобустарына жабдықтар орнатылуда.
Брифингте кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар да айтылды. Бүгінгі таңда облыстағы 230 ауылдық елді мекеннің 201-і (87%) кең жолақты интернетпен қамтылған. Халқы 250 адамнан асатын, 3G және 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілмеген 8 елді мекен проблемалық болып қалуда.
Осы елді мекендер бойынша және 250 адамнан кем 21 елді мекен бойынша биік ғимараттардың, телефон және теледидар мұнараларының мүмкіндіктеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізілуде, сондай-ақ жақын маңдағы елді мекендер арқылы қамту мүмкіндігі қаралуда.
Сонымен қатар, басқарма басшысы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге тоқталды. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Қызылорда қаласында «Электрондық қызметтерді өздігінен алу орталығы» ашылып, жұмыс жасауда.