«Қызыл» аймақтағы Нұр-Сұлтан: Елордадағы жаппай құдалық тоқтатылды

13 Маусым 2021, 07:33
2315
Бөлісу:
«Қызыл» аймақтағы Нұр-Сұлтан: Елордадағы жаппай құдалық тоқтатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың мониторингтік топтары бірнеше айдан бері күшейтілген режимде жұмыс істеп, қаланың кәсіпкерлік нысандары арасында карантин бұзушыларды анықтауда. Өткен тәулікте карантин тәртібі Нұр-Сұлтанның үш ауданында бес мекемеде бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Мониторингтік топтар төмендегі мекемелерді әкімшілік жауапкершілікке тартты:

Сарыарқа ауданы Сарыарқа көшесі, 11 мекенжайындағы «Атом» компьютерлік клубы маска режимін сақтамастан жұмыс істеді. Сондай-ақ, осы ауданда Қосшығұлұлы көшесі, 14 мекенжайындағы «Панаехали» атмосфералық клубы тыйым салынғанына қарамастан жұртшылықты қабылдаған.

Есіл ауданы Д.Қонаев көшесі, 12/1 мекенжайындағы «Cabera» гриль-бары және Қорғалжын тас жолы, 2 мекен-жайындағы «Зима» барлар галереясы карантин режимін бұза отырып жұмыс істеді.

Алматы ауданы Майлин көшесі, 33 мекенжайындағы «Алтын адам» банкет залында да карантин режимінің бұзылғаны анықталды. Мұнда жиналған жұрт «құдалық» өткізген.

Жиналған материалдың бәрі тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта орналасқан. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуын болдырмас үшін санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтауы керек.


Өзгелердің жаңалығы