Қызмет көрсету саласы жандана бастады

10 Маусым 2021, 09:35
1547
Бөлісу:
Қызмет көрсету саласы жандана бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты.

Ішкі сұраныстың тұрақтануына байланысты қызмет көрсету саласында өсу қаңтар-мамыр айларында 0,8%-ға дейін жеделдеген. Соңғы бес айдың экономикалық көрсеткіші туралы баяндама жасаған министрдің келтірген мәліметтеріне сүйенсек, осы аралықта елдегі іскерлік белсенділіктің жақсаруы жалғасты.

Қаңтар-мамырда экономиканың қалпына келуінің өсу қарқыны 1,6%-ға дейін өсті. Нақты сектор экономика өсімінің драйвері болып қала беруде. Қызмет көрсету секторының қарқынды өсуі байқалуда. Экономиканың өндіруші емес секторларында жоғары инвестициялық белсенділік сақталуда. Есепті кезеңінде кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты сектордағы өсім 7,4%-ды құрады, - деді министр.

Оның айтуынша, экономика салалары арасында ақпарат пен байланыс, құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, сауда, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы жоғарғы өсуді көрсетті.

Мәліметке сүйенсек, өңдеу өнеркәсібі салаларында қарқынды өсу байқалуда. Атап айтқанда машина жасау 21,1%-ға ұлғаюымен, оның ішінде автомобиль құрастыру – 26,4%, локомотивтер мен вагондар өндірісі – 54,9%, фармацевтика – 25,7%, құрылыс материалдары – 21,4%, киім – 19,3%, жиһаз – 18,2% және пластмасса өнімдері өндірісі 17,3% ерекшеленді. Қаңтар-сәуір аралығында сыртқы сауда тауар айналымы 28,1 млрд долларды құрады, оның ішінде экспорт – 16,7 млрд доллар. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 16,2%-ға өсіп, 5,4 млрд  долларға дейін жетті. Тауарлар импорты 11,4 млрд долларды құрады. Осылайша 5,3 млрд доллар деңгейінде оң сауда балансы қамтамасыз етілді. Өңдеу өнеркәсібі өнеркәсіптік өндіріс динамикасындағы үрдістерді айқындауды жалғастыруда. Өсу 7,2%-ды құрады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы