Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қытайда халық саны соңғы 10 жылда 5,4 процентке, яғни 72 млн-ға артты. Бұл жетінші жалпыұлттық халық санағының нәтижесі, деп жазды Хабар24.
Статистикаға сәйкес, соңғы жылдары 60 жастан асқан тұрғындардың қатары көбейген. Бүгінде елдегі қарт адамдардың саны Қытай халқының жалпы санының 18,7 процентін құрайды. Бұл шамамен 264 млн-нан артық. Айта кетейік, 1 млрд 410 млн халқы бар Қытайда халық санағы әр он жыл сайын жүргізіледі. Осы жолы бұл шараға шамамен 7 млн адам қатысты.
Халық санағының нәтижесі бойынша ерлердің саны 51,2 процентті, ал әйел адамдардың қатары 48,8 процентті құрайды. Яғни гендерлік тепе-теңдік сақталған. Бірақ 2010 жылмен салыстырғанда сәл төмендеу. Осылайша халықтың гендерлік құрылымы біртіндеп қалыпқа келе бастады. Ал жас құрамына келсек, халықтың 63 процентін 15 пен 59 жас аралығындағы тұрғындар құраса, 18 процентін 14 жасқа толмаған балалар құрайды. Бұған қарамастан 2010 жылмен салыстырғанда 19 бен 59 жастағылардың саны 6,8 процентке қысқарып отыр, - деді статистика бойынша мемлекеттік басқарма басшысы Нин Цзичжэ.