Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қамауда отырған Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың адвокаты Замир Жоошев Атамбаевтың операцияға зәру екенін, оны тез арада азаматтық ауруханаға жеткізу қажеттігін мәлімдеді.
Азаттық радиосының мәліметіне қарағанда, Замир Жоошев 7 маусымда клиентін омыртқасындағы жарығы (грыжа) қатты мазалап жүргенін айтты.
Адвокаттың сөзіне қарағанда, колониядағы санитарлық бөлімнің Атамбаевты емдеуге шамасы жетпейді. 64 жастағы бұрынғы президенттің жүрегі ауыратындықтан жағдайы қиындап барады.
Былтыр маусым айында Бішкек соты Атамбаевты қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуына байланысты 11 жыл 2 айға бас бостандығынан айырған. Қараша айында Қырғызстан жоғарғы соты істі бірінші инстанцияға қайта қарауға жіберді. Сот себебін түсіндірмеген. Атамбаев бұған дейін өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.