Шотландияның Абердин қаласында өтіп жатқан кёрлингтен аралас командалар арасындағы әлем чемпионаты бел ортасына жетті. Қазақстан тарихта алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұлттық құрама Е тобындағы 6-турда Украина ойыншыларынан басым түсті. Тартысты матчтың есебі - 8-7. Ал қатар өткен кездесуде негізгі қарсылас Швейцария жеңіліп қалды. Осылайша, Қазақстан тарихта алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Осыған дейінгі Қазақстанның көрсеткіші:
- 2018 жылы 34-орын (35 команда)
- 2019 жылы 21-орын (40 команда)
- 2020-2021 жылы әлем чемпионаты өткен жоқ.
Ертең, 18 қазанда Абылайхан Жүзбай, Тылсымай Аллиярова, Айдос Аллияр мен Мерей Тастемір соңғы турда Бельгиямен ойнайды. Ал 18 қазанда - 1/8 айналым мен ширек финал. Жартылай финал мен финал 19 қазанға жоспарланған.