Қылмыстық іс қозғалды. Атырау облысындағы Қарабатан кешенінде 23 жұмысшы уланып қалды

5 Маусым 2021, 19:22
2386
Бөлісу:
Қылмыстық іс қозғалды. Атырау облысындағы Қарабатан кешенінде 23 жұмысшы уланып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 3 маусымда Қарабатандағы салынып жатқан газ-химия кешеніндегі «Bazis Construction» ЖШС-нің 23 жұмысшысы астан уланып қалған. Олар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы azh.kz сайты хабарлады.

3 маусымда сағат 19.45-те №2 облыстық ауруханаға тамақтан улану белгілері бар бір уақытта «Bazis Construction» ЖШС-нің 21 жұмысшысы, 4 маусымда сағат 01.00-де тағы екі адам түсті. Барлық зардап шеккен адам ауруханаға жатқызылды. Улану белгілері-бас айналу, құсу, әлсіздік және диарея, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Түстен кейін жұмысшылар медпунктке көмекке жүгінді, содан кейін ЖШС көлігімен №2 облыстық ауруханаға жеткізілді. Алдын ала диагноз - тағамдық токсикоинфекция. Уланғандардың ең жасы-20 жаста, ең үлкені - 49 жаста.

 Алдын ала тексеру көрсеткендей, жұмысшылар «Bazis Construction» ЖШС асханасында тамақтанады, тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша кейтерингтік компания басқа айналысады. Асханада технологиялық процес сақталмайды, қоймалар қарастырылмаған, тоңазытқыштарға тағамдар дұрыс орналастырылмаған, шикізат дайын тағаммен бірге сақталған, ас үй ыдыстарына белгі қойылмаған және мақсаты бойынша пайдаланылмаған, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттар жоқ. Бүгінде асхана жабық, онда дезинфекция жүргізіледі.

Барлық науқас түскі астан уландық деп отыр. Олар түскі асқа манпар сорпасы, бұршақ сорпасы, сиыр етінен жасалған гуляш, қайнатылған шұжық, пісірілген тауықтың төс еті, қайнатылған қарақұмық, макарон,қырыққабаттан жасалған салат жеген, - деп толықтырды денсаулық сақтау басқармасында.

Полиция департаментінен хабарлағандай, аталған факті бойынша 304-баптың 1-бөлігі (адамдардың жаппай улануына әкеп соққан санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. «Bazis Construction» компаниясының қалған 300-ден астам жұмысшысына медициналық бақылау жүргізілген.


Өзгелердің жаңалығы