Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі Қашаған Атыраудан оңтүстік-батысқа қарай 80 шақырым жерде орналасқан. XXІ ғасырдың басында пайда болған кен орнында қызмет ететін мұнайшы Мәлік Сабырбаевпен әңгімелескен едік.
Талғамға талас жоқ
Мәлік Сабырбаев Атырау қаласында 1981 жылы дүниеге келген. Мектеп бітіріп, Атырау мұнай-газ институтына инженер-механик мамандығы бойынша (Теңіз мұнай газ ғимараттарын игеру) түседі.
Бала кезде осы мамандық бойынша жұмыс істейтін нағашы ағамды көріп өстім. Ол кісі мұнай саласында жұмыс істеді. Үнемі тікұшақпен ұшамыз деп айтатын. Бала кезде ол маған ,әрине, қызық болды. Мен де мұнайшы болам деген сол кездегі бала арман пайда болды. Кеңес үкіметі күйрегеннен кейін ақша жоқ, бәрі шашылып жатқан кезде мұнайшылар жақсы табыс тапты. Сол кезде мұнайшы болам деген ұстанымым беки түсті. Ағам табысты болды. Кейін сол арманның жетегінде осы салаға бағыт алып, талпындым, - деді Сабырбаев.
Ол жоғары білім алуға 1998 жылы оқуға түседі.
5 жылдан кейін 5 курста институтқа NCOC атынан адамдар келіп жастарды жұмысқа аламыз деп жарнама таратты. Мамандыққа қосымша оқытып барып жұмысқа аламыз деді. Сол кезде түйіндемемді тапсырдым. Тест тапсырып, өтпедім, - деді Сабырбаев.
Қалауын тапса, қар жанады
Мұнайшы кейін оқуды бітірген соң қай жерде де тәжірибелі маманды іздегендіктен күзетші болып жұмысқа тұрғанын айтады.
Оқуды жаңа бітіріп шыққан адамбыз, тәжірибе жоқ.Бір компанияға күзетші болып кірдім жұмысқа. Түнде күзетші, күндіз шаштараз болдым. Бір мүмкіндік келіп, ұңғылаумен айналысатын жергілікті компания жұмысқа шақырды. Сол кезде тағы NCOC екінші рет жастарды жұмысқа шақырып жатыр дегенді естідім. Тағы тапсырдым түйіндемемді. Шақырды, бұл жолы тестен өттім. Интервью болды, одан да өтіп қойдым. Медициналық тексерістен соң үнсіз қалды. Тағы да сәтсіз болды деп сол Құлсарыға вахтаға кеттім, - дейді Мәлік Сабырбаев.
Ол біраз уақыт өткен соң компания өкілдері оны іздеп, жұмысқа шақырғанын айтады.
Араға көп ұзамай «қайдасыз, іздеп жатырмыз» деп хабарласты. Мен болған жақта телефон ұстамайды, хабарласа алмаған. Сабақ басталатынын естіп, жақсы хабар келіп, қатты қуандым. Бізді 1 жылдай бірінші ағылшын тіліне, кейін техникалық ағылшын тіліне оқытты. Физика, химия, геология пәндерін тағы оқыдық. Кейін тәжірибе алмасу үшін шетелге жіберді. Африка, Мысыр, Италия мен Қазақстандағы Ақсайда болдық, Италияға 6 адам болып барып 1,5 жылдай кішігірім зауыттарды көріп, тәжірибе жинадық. Жарты жыл Ақсайда болдық. Кейін Батыс Ескенеге келдік, онда әлі құрылысы аяқталмаған еді. Мен күкірт шығару бөліміне келдім. 2009-2011 жылдары сол жерде болдық. Оператор боламыз деп ойладық. 2011 жылы теңіз кешеніне жібереміз деді. Үйреніп қалған ортаны ауыстыру оңай болмады, әрине, бірақ тәуекел деп бел будық. Д аралына келіп, ұжымға сіңісіп, зауытқа үйреніп, өте жақсы әсер алдық, - дейді ол.
Ер мойнында қыл арқан шірімес
Мәлік Сабырбаев ол жақта құрылыс әлі жүріп жатқан кез екенін жеткізді.
Міндетім - осы зауыттың жұмыс істеу деңгейін бірқалыпты ұстап тұру, сондай-ақ қандай да бір құрылғының істен шығуының алдын алу. Одан бөлек, жұмыс барысында ұңғымадан шыққан мұнайды Батыс Ескенеге жіберу керек. Осы процестерді қадағалаймын. Ұңғымадан шығып, зауытқа жеткенше жолда біраз құрылғы бар. Солардың бәрін қадағалап, процесті тексеріп және туындаған мәселелерді шешуге тырысамын. Бұл үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс, - деді мұнайшы.
Сабырбаев атағандай, қай жұмыстың да өзінің ауырлығы мен жеңілдігі бар.
Бізде де неше түрлі жағдай болады. Әр жұмыстың қауіпті жерлері бар ғой. Құдайға шүкір, компанияға алғыс, біздің қауіпсіздігімізді өте жоғары деңгейде қамтамасыз етеді. Киім, жеке қорғаныс заттары, құралдар бәрі беріліп, қатаң сақталады. Қашағанда қауіпсіздікке қатты мән беріледі - ол бірінші орында. Әрбір жұмысты процедура бойынша қадағалап, үлкен деңгейде атқаруымыз керек, - дейді ол.
Сабырбаев айтқандай, Қашағанға келіп, қауіпсіздікті үйретіп жүрген кезінде 2016 жылы зауыт іске қосылып, ұңғымалар жұмыс істей бастайды.
Кейін теңіз кенішіндегі мұнай жүйесіне оператор болып келдім. Жоғары деңгейде игердік, маман атандық. Лауазымым көтерліп, аға оператор болдым. Өзіме берілген аймаққа басшылық етемін. Біздің қызметкерлер көп, кен орнында қажет ететін қасиеттер: көркем мінез, логика, талапты болу, - дейді ол.
Басты қасиет – көркем мінез
Сабырбаевтың айтуынша, қайда барсаң да көркем мінез болмаса, тиімді жұмыс істеу қиын.
Білімің мен кәсіби біліктілігіңнен бөлек, көркем мінез болмаса, бәрі бос. Ұжымдастармен жақсы қарым-қатынасты бастау үшін жақсы мінез болуы шарт. Логика өте жоғары деңгейде болуы керек. Көптеген мәселенің шешімін табу үшін мықты логика керек. Жұмысқа деген іскерлігің, талаптануың, құштарлығың жоғары деңгейде болуы керек, - деді ол.Мәлік Сабырбаевтың айтуынша, қашаған кен орны еліміздің дамуына айтарлықтай үлесін қосып отыр.
Мен осы жерде қызметім арқылы отбасымды асырап отырсам, Қашаған кен орны тұтас елімізге табыс алып келіп отыр. Оның еш кедергісіз, мәселелерсіз жұмыс істеуі елімізге де, елдің экономикасына да өте маңызды. Біз сияқты қанша халық табыс көріп, игілігін пайдаланып отыр. Әрине, осы қызметімді, жасап жатқан еңбегімді мақтан тұтамын, - деп түйіндеді ол.