Instagram-дағы белсенділігінің төмендеуіне күйеуін кінәлаған әйел полицияға арыз түсірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі independent-ке сілтеме жасап.
Үй шаруасына байланысты Instagram жазылушыларынан айырылған әйел күйеуінің үстінен полицияға шағымданған. Әйел үй жұмыстарынан reels түсіруге уақыты қалмағанын айтып, Instagram-дағы жазылушылар санының азаюына күйеуі Вижендраны кінәлаған.
Үндістандық Ниша есімді әйел Instagram желісінде өте белсенді болған. Ол күніне екі қысқа бейнеролик (reel) жариялап жүрген.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, оның күйеуі әйелінен әлеуметтік желіге көп уақыт бөлмей, үй шаруасына қарауын сұрағаннан кейін араларында жанжал басталған.
Содан кейін әйел онлайн белсенділігін азайтып, үй тірлігімен айналыса бастаған. Бірақ кейін жазылушыларының саны екі адамға азайғанын байқап, бұл жағдайға күйеуін кінәлаған. Екеуінің арасында үлкен дау туындап, Ниша ата-анасының үйіне кетіп қалады. Сол жерде ол Вижендраға қарсы әйелдер полиция бөліміне ресми арыз жазған.
Менің әлеуметтік желідегі жазылушыларым азайды. Өйткені күйеуім мені ыдыс жуып, үй жинаумен айналысуға мәжбүрледі. Менің reels түсіруге уақыт болмады, – деп арызданған.
Хапурдағы әйелдер полициясы бөлімінің бастығы Аруна Рай осындай істің тіркелгенін растады.
Ниша күйеуіне қысым көрсеткені үшін шағым түсірді. Күйеуі өз уәжін келтіргеннен кейін біз жағдайға араласып, олармен бірнеше рет кеңес жүргіздік, – деді Рай.
Нишаның арызды кейінірек қайтып алғаны белгілі болды.
Жергілікті жерде бұл оқиға тұрғындар арасында ерекше қызығушылық тудырған. Полицияның айтуынша, ерлі-зайыптылардың үйленгеніне көп болмаған. Жергілікті БАҚ дерегі бойынша, дау-жанжал салдарынан Вижендра жұмысынан айырылып, қазір жұмыс іздеп жүрген көрінеді.
Ресми түрде іс жабылғанымен, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы әлі де шиеленісті күйде. Екеуі әлі күнге дейін бірге тұрмайды.
News18 хабарлауынша, Ниша мен Вижендра да БАҚ өкілдеріне пікір беруден бас тартқан.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желі деп әуреге салған, лайк баспағандарды жазалаған басшы қызметінен кеткені хабарланған.