Күйдіргі қорымдарына жақын жерлер мемлекетке қайтарылды

Бөлісу:
Күйдіргі қорымдарына жақын жерлер мемлекетке қайтарылды
Фото: gov.kz

Жетісу облысында Сібір жарасы жерленген аумақтарға жақын жерлер мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жетісу облысының экологиялық прокуратурасының ұсынуы негізінде ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Жетісу облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті Сарқан ауданындағы күйдіргі (сібір жарасы) қорымдарына жақын жерде кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысқан жер пайдаланушыға қатысты сотқа талап арыз берді.

Талап арызда жалпы ауданы 14,6 гектар жер учаскесін жалға алу шартын жарамсыз деп тану, жер пайдаланушыдан бүлінген жерлерді жобалық негізде қалпына келтіруді қамтамасыз ету және уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын тіркеуді жою туралы талаптар қойылды.

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап арызды толық көлемде қанағаттандырды. Сот шешімімен аталған жерлер мемлекеттік жер қорына қайтарылды.

Мемлекеттік органдар жер ресурстарын ұтымды пайдалану мен табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

Өзгелердің жаңалығы