Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 6 желтоқсанда сағат 19.37-де Алматы облысы ТЖД кезекшілік байланыс пультіне Алакөл ауданында, «Көктұма» стансасы мен 16 разъезд арасындағы «Үшарал-Достық» автожолында қар құрсауында екі автокөлік тұрып қалғаны туралы хабарлама келіп түсті, екі автокөліктің әр салонында екі ер адамнан болған.
Боран салдарынан жолды қар басып, көліктер қозғалысты жалғастыра алмаған. Сағат 21:09-да Ақши ауылындағы Жедел-құтқару жасағы қызметкерлерінің күшімен аталған автокөліктер жолдың тазартылған жүріс бөлігіне сүйреп шығарылды және олар әрі қарай өз жүрісімен қозғалыстарын жалғастырды.
Сағат 13:14-те «Үшарал-Достық» автожолының 45-шақырымында Жалаңашкөл учаскесінде DAF маркалы жүк көлігі қар құрсауында қалып қойған. Сағат 22:22-де Достық стансасы 20-ӨСБ қызметкерлері автокөліктен 2 адамды эвакуациялап, Достық стансасына жеткізді.
Сағат 22:22-де «Алматы - Өскемен»- Қапал Арасан шипажайы автожолының 35-шақырымында жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойған. Салонда жалғыз жүргізуші ғана болған. Талдықорған қаласы ЖҚЖ құтқарушылары шақырту орнына келген бойда аталған автокөлікте бензин таусылғанын анықтады. Сағат 23:58-де құтқарушылар жүргізушіні Талдықорған қаласына эвакуациялады.
Құтқарылғандардың барлығы медициналық көмекке мұқтаж емес.