Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Sriwijaya Air әуе кемесі апатқа ұшыраған Яван теңізінде іздеу жұмыстарын жүргізіп жатқан топ лайнердің қара жәшіктерінің сигналын тапты және жақын арада оларды су бетіне шығарады. Одан кейін жәшіктер апаттың себептерін анықтау үшін сараптамаға жіберіледі, деп жазады Tribune News газеті.
Іздеу операциясының жетекшісі Хади Тиагантоның айтуынша, құтқарушылар борттағы өздігінен жазу құрылғысы берген екі сигналды анықтап, олардың орналасқан жерін оқшаулады.
Жақын арада біз оны алып шығамыз деп үміттенемін. Одан кейін қара жәшіктер көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық комитетке жіберіліп, апат себептері анықталатын болады, - деді Хади.
Естеріңізге сала кетейік, 9 қаңтарда Джакартадан ұшып шыққан Sriwijaya Air әуе компаниясының Boeing 737-500 ұшағы Яван теңізі маңында апатқа ұшыраған еді. Әуе бортында 65 адам болған. Оның 12-сі экипаж мүшесі, 7 бала мен 3 нәресте. Құтқарушылардың мәліметіне сәйкес, ұшақ апаттық белгі бермеген.