Алматы, BAQ.KZ. Алматы ТЖД-сі мектептерде қыс маусымында болатын түрлі оқыс оқиғаға қатысты қауіпсіздік дәрістерін жүргізіп жатыр.
ТЖД мәліметінше, қаңтар айынан бастап өтіп жатқан құтқарушылардың дәрісіне Алматыдағы 224 қалалық мектептің 9 мыңнан астам оқушысы қатысқан.
Алматы аумағы арқылы 28 шағын өзен ағып өтеді, сонымен қатар қала ішінде 26 су қоймасы орналасқан, сондай-ақ салқын ауа-райының басталуымен кейбір азаматтар жұқа мұз өте қауіпті болуы мүмкін екенін ұмытып кетеді. Қауіпсіздік шараларын білмейтін балалар, ата-аналары мен үлкендердің қарауынсыз қалған кезде өзен жағалауларында, кейде су қоймасындағы мұзға шығып ойнайды. Осыған байланысты, ТЖД қызметкерлері әртүрлі төтенше жағдайлар кезінде оқушылардың бойында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту мақсатында интерактивті сабақтарын өткізіп жатыр,-делінген хабарламада.
Ақпаратты тез қабылдап игеру үшін оқушыларға слайд және бейнеролик көрсетіліп, судағы қауіпсіз жүріп-тұру ережелері туралы жадынамалар мен буклеттер таратылуда.