«Құрық» және «Ақтау» порттарының даму перспективасы қандай?

8 Қараша 2020, 16:49
1973
Бөлісу:
«Құрық» және «Ақтау» порттарының даму перспективасы қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі таңда «Ақтау» порты – «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» Халықаралық Қауымдастығы» ЗТБ тұрақты мүшесі саналатын ірі қазақстандық хаб, сондай-ақ «ТРАСЕКА» және «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәліздерінің құрамдас бөлігі. DP World компаниясымен серіктестікте жұмыс істейді. 

government.kz сайтының мәліметінше, теңіз порттары мен айлақтарының халықаралық қауымдастығының мүшесі. 

ТМТМ немесе MiddleCorridor - Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі акваториясы, Әзербайжан, Грузия арқылы және одан әрі Түркия мен Еуропа елдеріне өтетін халықаралық көлік дәлізі. Осы жерден көрші мемлекеттердің порттары арқылы әлемнің кез келген нүктесіне жүк жөнелтуге болады. Порт басты, құрғақ жүктерді, мұнай мен астықты толық ауыстырып тиеуді қамтамасыз ететін көпфункционалды заманауи кешен. Мұнда теміржолдар мен автомобиль жолдары түйіседі. Жалпы, өзінің техникалық параметрлері бойынша «Ақтау» порты халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Порт акваториясы қауіпсіз тұру, кемелерге жан-жақты қызмет көрсету және жүк операцияларын жүргізу үшін арнайы жабдықталған.

2019 жылдың 16 сәуірінде тарихтағы алғашқы Ақтау портынан Баку портына фидерлік кемемен контейнерлерді экспорттық тасымалдау басталды. Бұл тасымалдау ТХКБ шеңберінде жүзеге асырылды. Бұл жүктер Қытайдан ЕО және Түркия бағытында Қазақстан (Ақтау порты) арқылы транзитпен жөнелтілген транзиттік жүктер болып табылады. 

Одан әрі ЕО елдеріне Қытайдан транзиттік жүктер екі бағытта жөнелтіледі: 

1) Баку – Тбилиси – Карс темір жолы арқылы 

2) Поти порты арқылы Қара теңізге. 

Фидерлік кемелер апта сайын тұрақты түрде қатынайтын болады, бұл Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк ағынын ұлғайтуға және Каспий өңірінде жүктерді контейнерлеуді одан әрі дамытуға ықпал етеді. 2020 жылы 9 айда фидерлік жүктерді ауыстырып тиеу 9982 ЖФЭ құрады. Оның ішінде экспорт – 6781 ЖФЭ, импорт – 3201 ЖФЭ. Контейнерлер саны – 6669 бірлік. «Құрық» порты Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне теңіз, темір, автомобиль жолдары арқылы жүктерді ауыстырып тиеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 

«Құрық» портының акваториясына теміржол және автомобиль магистральдары жүргізілген, Орталық Азия, Қытай, Кавказ, Түркия және Еуропа елдері арасында халықаралық тасымалдар қамтамасыз етіледі. «Құрық» паром кешені тәулігіне 8 паромға дейін, бір мезгілде 4 паромды өңдеуді қамтамасыз ететін 4 айлақпен жабдықталған темір жол және автомобиль құрауышы бар заманауи инфрақұрылымдық объектілермен жабдықталған. 

Порттың географиялық ыңғайлы орналасуы Әзербайжаннан паромдардың жүру уақытын 4 сағатқа қысқартады. Жүктерді жедел өңдеу үшін порт аумағында заманауи техникамен жабдықталған және барлық жаңа технологиялармен жарақталған әмбебап кедендік ресімдеу ғимараты жұмыс істейді. Олар «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Бір жерде барлық мемлекеттік қызметтер – кеден, шекара қызметі, фитосанитария, ветеринария, порт қызметтері шоғырланған.

Өзгелердің жаңалығы