Курсты үздік бітірген мамандар ғана оқулық әзірлеуге жіберіледі

4 Қыркүйек 2020, 17:29
1978
Бөлісу:
Курсты үздік бітірген мамандар ғана оқулық әзірлеуге жіберіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Оқулық» орталығының директоры Ғани Бейсембаев оқулықтардың сапасы бойынша өткен онлайн жиналыс кезінде айтты.

Биыл республика бойынша 7 154 білім мекемесіндегі 3,4 млн-нан аса оқушы 100% оқулықпен қамтылды. 

Соңғы кездегі оқулық жетіспеушілік мәселесі толығымен шешілді деуге болады. Оқушылардың 100% оқулықпен қамтылуы пандемия жағдайындағы үлкен жетістік. 11-сыныпқа келген жаңа оқулықтар бойынша жазда әр пән мұғалімдері мен кітап авторы арасында кездесу өтті. Егер мұғалімнің оқулық бойынша сұрағы пайда болса, тікелей автормен байланысу мүмкіндігі жасалды, - деді Ғани Бейсембаев.

Сараптаманың жаңа жүйесі бойынша оқулықтарды қабылдау мәселесі барлық оқулықтың грамматикалық, техникалық, орфографиялық қателіктерімен қатар, оның плагиатқа сәйкестігі бар-жоқтығы, бағдарламаға сәйкестілігі мұқият тексеріледі. 

Оқулықтарды тексеруде мәдени және психо-лингвистикалық жаңа сараптама қосылды. Бұл неге байланысты? Көпшілік ортада оқулықтардағы кейбір мәтіннің оқушыға түсініксіз екендігі және оның ауыр қабылданатындығы туралы айтылады. Сонымен қатар, кейбір біздің ділімізге, тілімізге сәйкес келмейтін ақпараттардың оқулықтарға еніп кететіндігі туралы да әңгіме қозғалғандықтан, осы сараптаманы қосуды жөн санадық. Яғни, осындай сараптамадан өтпеген оқулықтар кері қайтарылатын болады. Сараптамадан өткеннен кейін ғана сынақ мектептеріне жіберіледі. Сынақ мектептеріне жіберілген жаңадан шыққан кітапты қабылдау процесі қоғаммен оқушыға қаншалықты жақын екендігі, оқу процесіне тиімділігі талқыланады. Содан кейін соңғы сараптамаға келіп түседі. Сараптамалардың бәрінен өткен соң пәндік сараптама комиссиясы оқулықтардың жарамды-жарамсыздығы туралы шешімді шығарады. Кейін оқулықтарды өндіріске, мектепке жіберу процесі басталады, - деді орталық директоры.

Жалпы қағидаға байланысты автордың, сарапшылардың, баспаның жауапкершіліктері жаңадан қарастырылған. Яғни, автор неге жауап береді? Сарапшы неге жауап береді? Сондай-ақ, оқулық орталығының жұмысы да қайта қарастырылып, жаңа жүйе құрылып отырғанын айтты.

Оқулық авторларын оқулықты әзірлеу теориясы мен практикасы жөнінен авторларды оқыту қолға алынды. Бүгінгі таңда 400-ге жуық оқулық авторы курстардан өтті. Оқулықты әзірлеуге тек қана осы курстарды сапалы бітірген мамандар ғана оқулық әзірлеуге жіберіледі. Оқулықты жазуда авторлардың қатарында ғалымдармен қоса, мықты ұстаздар мен әдіскерлердің болуы да қадағаланады, - деді Бейсембаев.
Директордың айтуынша, оқулықтағы санитарлық-гигиеналық талаптар, оның салмағы, материалдық сапалылығына байланысты жауапкершілікті оқулықты шығаратын баспалар өздері қадағалайды.

Сондай-ақ, орталық директоры «Оқулық» орталығы жанынан ғылыми-әдістемелік кеңес құрылғанын айтты. Оған елдегі белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, оқулық саласындағы білгір мамандар кіреді. Сонымен қатар, орталық әр пән бойынша жаңа әдістемелік нұсқаулық жазып, сараптама жүргізетінін және әр пән бойынша жауапты бас сарапшы тағайындалғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы