Күрішбаев: Ауылды дамытуда орталық пен жергілікті органдардың жұмысында үйлесім жоқ

22 Қазан 2020, 23:05
4394
Бөлісу:
Күрішбаев: Ауылды дамытуда орталық пен жергілікті органдардың жұмысында үйлесім жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауылдық жерлердің бүгінгі ахуалы қандай? Онда тұратын халықтың тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік жағдайы қандай деңгейде? ҚР Парламент Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев осы сұрақтарға жауап берді

Егер 2011 жылы бізде ауыл халқының үлесі 45,4% құраса, қазір бұл көрсеткіш 41,3%-ға тең. Әсіресе, оның экономикалық белсенді бөлігі үлесінің күрт төмендеуі алаңдатады. Мәселен, соңғы 10 жылда еңбекке қабілетті жастағы адамдар саны 4,1-ден 3,8 млн адамға дейін төмендеген. Жылдан жылға халықтың ауылдық жерден көшуі өсіп келеді. Өткен жылы жарты миллионға жуық адам ауылдан қалаларға қоныс аударған. Бұрын ауылда бала туу деңгейі қалаға қарағанда әрқашанда жоғары болатын. Ал соңғы алты жылда бұл көрсеткіш ауылдық жерлерде төмендеп кетті. Статистика мәліметтері бойынша, 2019 жылы ауылдағы жан басына шаққандағы табыс айына 45 829 теңгені құраған (қалада – 66 207 теңге). Ал біз жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, ауыл тұрғындарының табыстарын бағалау одан да аз, айына – 35 349 теңге. Айта кету керек, бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші 3,6 млн адамның 2,0 млн. немесе 56,2%-ы ауылдарда тұрады. Сондай-ақ, табысы, күнкөріс деңгейінен төмен, аз қамтылған отбасылар саны ауылдық жерлерде 6,6%, бұл қалаға қарағанда 2,5 есе көп. Осылайша, еліміздің кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрады. Ауылдық елді-мекендердегі инфрақұрылымның жай-күйіне келер болсақ, онда алғашқы медициналық көмектің өзіне ауыл тұрғындарының барлығы бірдей қол жеткізе алмайды. Алдағы уақытта ауылда 150 жаңа денсаулық сақтау нысандарын ашу қажет. Ауылдық жерлерде дәрігерлерге қажеттілік 900-ден астам адамды құрайды, бұл ретте қалада 10 мың адамға 56 дәрігерден келсе, ауылда тек қана 16 дәрігер немесе 3,5 есе аз - дейді сенатор.

Ауылдық аймақтардағы білім беру нысандарына қажеттілік 312 бірлікті құрайды, 32 мектеп - апатты жағдайында, 86 - үш ауысымды.

Мұнда 2 240 педагог жетіспейді, бұл еліміздегі жалпы қажеттіліктің 75%-ын құрайды. Әсіресе, ауыл мектептеріндегі білім беру мәселелері қатты алаңдатады. PISA нәтижелеріне сүйенсек, қала мен ауыл арасындағы білім сапасында 22-ден 37 баллға дейінгі алшақтық бар. Ұлттық бірыңғай тест нәтижелері бойынша, ауыл мектептерінің түлектері қалалық оқушыларынан орта есеппен 5-6 баллға артта қалып отыр. Сондықтан да ауылдық жердегі орта білім беру сапасының төмендігінен көптеген дарынды балалар жоғары оқу орындарына мемлекеттік гранттар алуға ие бола алмайды. Еліміздегі 22 ауылдық ауданда, тіпті, колледждер де жоқ. Осылайша, ауыл жастарының бір бөлігі жоғары және кәсіптік білім алудан тыс қалуда, ал мемлекет өзінің басты байлығы – құнды адами капиталын дамыта алмай отыр. Ауылдарда 550 мәдени нысандар, спорт залдары қажет, 150-ге жуық кітапханалар жетіспейді. Бұл жерде айта кету керек, ауылдың мәдени-спорттық инфрақұрылымын дамыту көрсеткіштері тіпті әкімдерді бағалау критериясына да кірмейді - дейді Ақылбек Қажығұлұлы.

Ауылдық елді-мекендердің тек 64%-ы ғана орталық құбырлар арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілген, жергілікті маңызы бар жолдардың жартысына жуығы жөндеу жұмыстарын талап етеді, ауылдық елді-мекендердің тек 20%-ы газбен қамтылған.

Бізге берген ақпарат бойынша ауылдардың 69%-ы интернет желісіне қол жеткізе алған. Бірақ ауыл тұрғындары арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысы көрсеткендей, барлық респонденттер интернеттің төменгі сапасына шағымданған. Олардың ешқайсысы да ауылда интернет жақсы істеп тұр деген жауап бермеген. Сауалнамаға қатысушылар ауылдық жердегі ең басты қиындық ретінде жұмыссыздықты, жұмыс орындарын ашу керектігін атап көрсеткен. Еңбекке қабілетті адамдардың 40%-ы болашақта қалаға көшуді жоспарлап отыр - деді сенатор.

Оның айтуына қарағанда «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының жүзеге асырылуы да сенаторларды қатты алаңдатады.

Егер аграрлық мамандықтар бойынша мемлекеттік гранттармен оқыған түлектердің жыл сайын тек 30%-ы ғана ауылға жұмысқа орналасатынын ескерсек, онда бюджеттен бөлінген 7 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылып жатқанын байқауға болады. Сондықтан біз жас мамандарды ауылға тарту үшін жаңа тиімді механизмдерді қолдануымыз керек. Ресей мен Беларусь мемлекеттері сияқты ауылға қоныс аударушылар үшін тұрғын үйлер салуды қолға алу қажет. Білім беру гранттарындағы ауылдық квотаны 30%-дан кем дегенде 50%-ға дейін көбейту керек. Сонымен қатар, басқа елдердегідей, агроқұрылымдардың студенттерді университеттерде оқытуға жұмсаған қаражат шығындарын субсидиялау өте маңызды. Аграрлық мамандықтар бойынша бітіруші курс студенттері арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы көрсеткендей, олардың 72%-ы ауылдық жерлерге жұмысқа барғысы келмейді. Басты себептері: қаладағыдай жағдайдың болмауы, жалақының төмендігі және тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуі - дейді Ақылбек Күрішбаев.

Қазіргі уақытта ауылдық аймақтарды дамыту «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында реттеледі. Сөзсіз, оны жүзеге асыру барысында ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуда, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді.

Дегенмен, біздің сараптамалық талдауымыз көрсеткендей, бұл жобаның біраз кемшіліктері бар. Біріншіден, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстары нақты үйлестірілмеген және бұл процеске жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен жергілікті қоғамдастықтар тартылмаған. Екіншіден, солардың бәрін экономиканың аграрлық секторын дамытудың мемлекеттік саясатымен тікелей байланыстыра алатын бірыңғай жүйенің іс жүзінде жоқтығы. Бұл жұмыста дамыған елдердің тәжірибесіне сүйену орынды. Өйткені бізді күтіп тұрған мәселелерді ол елдер әлдеқайда бастан өткерген. Біріншіден, олардың пікірінше, мұндай бағдарламалар федералды министрліктер әзірлеген «кабинеттік шешімдерге» негізделмеуі керек. Бұл мемлекеттерде ауыл тұрғындары елді-мекенін дамытудағы басым бағыттарды өздері белгілейді. Екіншіден, мемлекеттік органдар жергілікті бастамаларды іріктейді және бірлесіп қаржыландырады. Тек, жергілікті биліктің осындай белсенділігі мемлекеттің осы аумақты дамытуға қатысуына негіз бола алады. Үшіншіден, мұндай бағдарламалардың көпшілігінде жұмыс орындарының болуы және оларды құру мүмкіндігі ауылдық елді-мекен әлеуетін бағалаудың басты критерийі болып табылады. Бұл – олардың бізге қарағанда ауылдық аймақтарды басқарудағы басты артықшылықтары - дейді сенатор.

Сонымен қатар, жобаны бірыңғай үйлестіруде мәселелер баршылық. 

Нақтылап айтсақ мемлекеттік органдардың жұмысында алшақтықтар орын алған, олардың әрқайсысы өз жұмыс учаскесіне ғана жауап береді. Парламенттік тыңдауларға материалдар дайындау кезінде, біз Ұлттық экономика министрлігі, салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ұсынған статистикада айтарлықтай айырмашылықтарды байқадық. Мәселен, жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде 55 млрд. теңге Ұлттық экономика министрлігі бекіткен критериялары бойынша даму әлеуеті жоқ ауылдардың инфрақұрылымын қаржыландыруға жұмсалған, 2019 жылы республикалық бюджеттің 4,2 млрд теңге көлеміндегі қаражаты қолданыстағы ауыл нысандарын ағымдағы жөндеуге бағытталған. Мысалы: стадион трибуналарын жөндеуге, жағалауларды абаттандыруға, тротуарларды, ғимараттардың фасадтарын жөндеуге, яғни, ұсақ, жергілікті бюджеттен қаржыландыратын жұмыстарға жұмсалған. Оны Есеп комитетінің тексеру нәтижелері дәлелдеп отыр - дейді ол.

Бағдарламаны іске асыруда жүйеліліктің жоқтығын келесі мысалдан да аңғаруға болады: 2010 жылы 183 ауылдық елді-мекенге ауыз су тасымалдау арқылы жеткізілген болатын. Арада 10 жыл өтіп, ауылдық жерді дамыту үшін миллиардтаған қаржы бөлінгеніне қарамастан, бүгінгі таңда әлі де болса 105 ауылдық елді-мекен ауыз сумен бұрынғыдай тасымалдау арқылы қамтамасыз етіліп отыр.

Сол сияқты осындай олқылықтар «Ауыл – Ел бесігі» жобасының қаржылық бөлігін әзірлеудегі кемшіліктерден де туындаған. Ол контурлы түрде, тек болжам бойынша жасалған. Себебі оны дайындау кезінде ауылдық елді-мекендердің санаттары бойынша ешқандай терең зерттеу жұмыстары жүргізілмеген және мұндай жұмыстар тек келесі жылға жоспарланған. Ауылдық аймақтарды дамыту жұмыстарын тиімді жүргізу үшін, келесі ұсыныстарды еңгіземіз - дейді сенатор.

Ол бұл сала бойынша бірнеше ұсынысты атады:

Біріншіден, үкімет ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасының тұжырымдамасын түбегейлі қайта қарастыруы қажет. Осы орайда ең алдымен, ауылдық аймақтарды дамыту бағытын жеке құжатпен ұлттық жоба ретінде қабылдау жөн болар еді. 

Екіншіден, ауылдық аймақтарды дамыту мәселелерін басқаруды Ұлттық экономика министрлігі қарамағынан алып Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек. Себебі ауыл өндірісі мен ауылдық тұрғындарға оңтайлы жағдай жасау ортақ мәселенің құрамдас бөлігі және оны бөліп-айырудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, бұл – бүкіл әлемдік тәжірибе. Еуропаның көптеген мемлекеттерінде, Канада, Аустралия, Ресей және Беларусь секілді аграрлық елдерде ауылдық жерлерді дамыту мәселесімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады. 

Үшіншіден, ұлттық жобаны қаржылық қамтамасыз ету қағидаттарын түбегейлі қайта қарастырған жөн. Бұл жерде ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту процессіне қатысқан мемлекеттік емес құрылымдардың шығындарын субсидиялау (бірлесіп қаржыландыру) арқылы осы іске жеке капиталды барынша тартудың маңызы аса зор. 

Төртіншіден, ауылдық елді-мекендерді жіктеу кезінде өндірісті дамыту әлеуеті мен жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі басты көрсеткіштер болуы тиіс. Ауылшаруашылық өндірісті, ауылдық аймақтарды дамыту үшін ауыл бизнесін қолжетімді төмен әрі ұзақ мерзімді несиемен қамтамасыз ету өте маңызды. «Бәйтерек» және «ҚазАГРО» холдингтері біріккеннен кейін, олардың басты қызмет ету нысаны ауыл мен ауыл шаруашылығы болады деген үміттеміз. Ол үшін жаңа қаржы жүйенің акционері Ауыл шаруашылығы министрлігі болу керек деп санаймыз. Қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын, ауылдағы мал басын жайылым және жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі түрде шешу қажет. Биылғы жолдауында Президент осы сұрақтарға қатысты және 1 млн ауыл тұрғындарының табысын тұрақты түрде көтеру туралы нақты тапсырма берген болатын.

Бесіншіден, ауылдық аймақты дамытудың стратегиялық бағыты цифрлық технологияларды енгізу болып табылады: телемедицина, қашықтан оқытудың заманауи түрлері, онлайн консалтинг пен қызмет, ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру. Бұл қазақстан ауылының көптеген әлеуметтік және коммуникациялық мәселелердің оңтайлы шешімі болмақ. Сондықтан, осы бағыттар жаңартылған «Ауыл - Ел бесігі» жобасының құрамдас бөлігі болуы тиіс.

Қорытындылай келе, ауыл әрқашан халқымыздың тілі, мәдениеті мен руханиятының бесігі болып қала беретінін атап өткім келеді. Елбасының сөзімен айтқанда: «Қазақтың дініде, тіліде, діліде ауылда». Бүгінгідей қоғамның рухани жаңғыруы кезеңінде ауыл жаңа келбетке, ал оның рухани өмірі уақыт шындығы мен талаптарына сай келетін жаңа мазмұнға ие болуы тиіс. Ал бұл міндеттерге сәйкес біз ауылды дамытуды мемлекеттің басым бағыты ретінде қарап, оған керекті қаржыны бірінші кезекте бөлуіміз қажет - дейді Ақылбек Күрішбаев.

Өзгелердің жаңалығы