Күрес түрлерінен ел чемпионатында 48 балуан Астананың намысын қорғайды

1 Ақпан 2024, 13:50
427
Бөлісу:
Күрес түрлерінен ел чемпионатында 48 балуан Астананың намысын қорғайды
PHOTO

Бүгін Астана төрінде күрес түрлерінен (еркін, грек-рим және әйелдер) Қазақстан чемпионаты жалауын көтереді. Ұлттық біріншілікке еліміздің 17 облысы мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан келген балуандар өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қалалық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиеваның сөзінше, айтулы бәсекеде 50-ге жуық елордалық бозкілем шеберлері қатысады.

Күрес түрлерінен ел чемпионатында 48 балуан Астананың намысын қорғайды

Астана қаласында 1-5 ақпан аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтеді. Ел чемпионатына Астана қаласы атынан 48 балуан қатысады. Олардың 20-сы еркін күрестің балуандары болса, әйелдер күресінен сегіз қыз белдеседі. Ал грек-рим күресінен 20 балуан сынға түседі. Жарыстың ашылу салтанаты 1 ақпан күні сағат 17:30-да өтеді. Ал балуандардың белдесуі күн сайын Астана уақытымен 10:30-да басталса, III және I орындар үшін сайыстар күн сайын 18:00-де өтеді. Көрермен үшін кіру тегін. Сондай-ақ Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді, - деді ол.

Астана қаласы бойынша еркін күрестен аға-жаттықтырушысы Асқар Абдрашов елімізде өтетін айтулы бәсекеге қатысатын балуандардың есімдерін атады.

Күрес түрлерінен ел чемпионатында 48 балуан Астананың намысын қорғайды

Додаға алдыңғы жылы күрес түрлерінен өткен Қазақстан Спартакиадасында топ жарған балуандар қатысады. Атап айтқанда, еркін күрестен Əлем чемпионатының жеңімпазы, еркін күрестен қазақстандық балуан, әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері Нұрлан Бекжанов, еркін күрестен Азия чемпионы Санжар Досжанов, Азамат Өміржанов, Бекзат Үркімбай, Абзал Окенов, Омархан Надиров, Нұрғали Нұрғайыпұлы сынды еркін күрес шеберлері қала намысын қорғайтын болады, - деді Асқар Абдрашов.

Астаналық бұрымды бозкілем шеберлерінің дайындығы жайлы әйелдер күресінен ҚР құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиев айтып өтті.

Күрес түрлерінен ел чемпионатында 48 балуан Астананың намысын қорғайды

Әйелдер күресінен ел чемпионатына Астана қаласының сегіз балуаны қатысады деп күтілуде. Олар елімізге танымал апалы-сіңілі Бақбергеновалар. Яғни, 68 келі салмақтағы Мәдина және 76 келідегі Жәмила қыздарымыз. Сондай-ақ Светлана Анкишева (50 кг), 55 келідегі Дина Кузнецова, 53 келі салмақтағы Жұлдыз Ишимова, 57 келідегі Эмма Тищина, 59 келідегі Диана Каюмова және 76 келіде сынға түсетін Гүлмарал Еркебаева. Фавориттердің қатарына Мәдина мен Жәмила Бақбергенова, Диана Каюмованы қосар едім. Ал біршама үзілістен соң Жұлдыз Ишимова қайта жүлдеге таласатын болады. Жалпы дайындық жақсы. Қазiргi уақытта талапты жас спортшылар өсiп келедi. Мен ұлттық құрамаға «Кез келген жарыста соңғы белдесу сияқты күресiңдер!» деп әр жарыс сайын айтып отырамын. Өйткені спортшы жеңiске құштар болып, сол құштарлығы көзiнде тұруы керек. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді дегендей. Балуан қыздарымыз кешегi жеңiлiстердi ұмытып, өздерiне деген сенiмдi барынша арттыруы керек. Қазақстан чемпионатында жүлделі орындардан көріну үшін қыздарымыз қызу дайындық үстінде, - деді бапкер.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ел біріншілігінің нәтижесіннен кейін Бішкекте (Қырғызстан) өтетін Азия аймақтық, Стамбулда (Түркия) өтетін әлемдік іріктеу турнирінде бақ сынайтын балуандар есімі белгілі болмақ.

Айта кетсек, күрес түрлерінен Қазақстан біріншілігі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады.

Күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатының кестесі:

• 1 ақпан – грек-рим күресі – 55, 63, 72, 82 және 97 келі;

• 2 ақпан – грек-рим күресі – 60, 67, 77, 87 және 130 келі;

• 3 ақпан – әйелдер күресі – 50, 53, 55, 57, 59, 62, 65, 68, 72 және 76 келі;

• 4 ақпан – еркін күрес – 57, 65, 74, 86 және 92 келі; • 5 ақпан – еркін күрес – 61, 70, 79, 97 және 125 келі.

Өзгелердің жаңалығы