Курьерлік жеткізу кезіндегі алаяқтық: полиция кәсіпкерлерге ескерту жасады

Іс-шаралар курьерлік жеткізу барысында тіркелген алаяқтық деректерінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

 Polisia.kz Бүгiн 2026, 08:11
Бүгiн 2026, 08:11
100
Фото: Polisia.kz

Алматы қаласының Алмалы аудандық полиция қызметкерлері ұялы телефондар, гаджеттер және өзге де цифрлық техниканы сатумен айналысатын кәсіпкерлермен профилактикалық кездесулер өткізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Іс-шаралар курьерлік жеткізу барысында тіркелген алаяқтық деректерінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Полиция мәліметінше, кейбір курьерлер қымбат техниканы жеткізуге тапсырыс алғанымен, оны нақты тапсырыс берушіге табыстамай, иемденіп, ізін жасырып кету арқылы кәсіпкерлерге елеулі материалдық шығын келтіруде.

Осыған байланысты Алмалы аудандық полиция басқармасы сауда орындары мен сервистік орталықтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кәсіпкерлерге курьерлердің жеке деректерін мұқият тексеру, жеткізу қызметінің ресми рәсімделгеніне көз жеткізу қажеттігі ескертілді.

Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алуда полиция мен кәсіпкерлер арасындағы өзара ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті.

«Тәжірибеде алаяқтардың курьерлік жеткізу жүйесін пайдаланып, қымбат гаджеттерді заңсыз иемдену жағдайлары кездесуде. Осыған байланысты кәсіпкерлерді курьерлердің жеке мәліметтерін мұқият тексеруге, тауарды беру процесін тіркеуге және тек сенімді жеткізу қызметтерімен жұмыс істеуге шақырамыз. Бұл сақтық шаралары материалдық шығынның алдын алып, іскерлік беделді қорғауға мүмкіндік береді», — деді ол.

Сонымен қатар полиция тауарды тапсыру сәтін бейнежазбаға тіркеуді, тапсырысқа қатысты барлық деректерді сақтауды және күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуды ұсынды.

Аудан аумағында кәсіпкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

Наверх