Қазақстанда ядролық ғылымды дамыту мақсатында Курчатов қаласында ғылыми қалашық құру жоспарланып отыр. Бұл бастама 2027–2031 жылдарға арналған жоспарға енгізілген. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Құрылтай комитетінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атом саласын дамыту тек электр энергиясын өндірумен шектелмеуі керек. Біз ядролық ғылым мен технологияларды, ғылыми зерттеулерді және осы бағыттағы мамандардың әлеуетін қатар дамытуымыз қажет. Осы мақсатта Курчатов қаласында ғылыми қалашық құруды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс 2027–2031 жылдарға арналған жоспар аясында жүзеге асырылады, - деп атап өтті агенттік басшысы.
Айтуынша, сонымен қатар халықаралық ғылыми ұйымдармен ынтымақтастықты даму үстінде.
Атап айтқанда, МАГАТЭ, ITER, CERN, Жапонияның атом энергиясы жөніндегі агенттігі, АҚШ ұлттық зертханалары және Қытайдың CNNC компаниясымен байланыс орнатылған. Халықаралық және өңірлік деңгейдегі ғылыми-техникалық жобаларға да қатысып жатырмыз, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Агенттік төрағасының сөзінше, ғылыми инфрақұрылымды дамыту мен халықаралық әріптестікті кеңейту Қазақстанның ядролық ғылым және технологиялар саласындағы мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.