Күнсұлу Түрікпен: Жаттағаным екі күн жырлауға жетеді

Күнсұлу Түрікпен: Жаттағаным екі күн жырлауға жетеді

­­­- Күнсұлу, өткен жылғы «Мен Қазақпын» ұлттық телевизиялық жобасында оза шауып, жеңімпаз атандың. Бұл жоба саған не берді? Әрине, жүлдеден басқа.

­- Қазіргі өтіп жүрген түрлі жобалардың ішінде «Мен Қазақпын» жобасы ұлттық классикалық өнерімізді, ұлттық құндылығымызды насихаттауда маңдайы жарқыраған жобалардың бірі болды деп санаймын. Біріншіден, бұл жобаның жүлдегерлерге ғана емес, қатысушы мен көрерменге бергені көп болды. Жобаға қатысуға еліміздің төрт тарапынан бөлек, көршілес елдердегі қандастарымыз да келіп атсалысты. Бұл өнерпаз жастардың бір-бірімен шығармашылық байланыс орнатуына, пікір алмасуына, рухани дамуына, ән, жыр, күй қоржындарын толтыруға үлкен септігін тигізді.

Күнсұлу Түрікпен


Екіншіден, көпшілігіміз әнде де, күйде де, жырда да өз өлкеміздегі, өз мектебіміздегі өнердің шеңберімен шектеліп қалатынымызды сезіндік. Жоба талаптары бойынша әр мектептің әнін, жырын орындау арқылы, сол шеңбердің сыртына шығып, қоржынымызды да, өзімізді де біраз байыттық. «Мен қазақпын» жобасының маған бір бергені осы болды.


- Сен бүгінде Сыр сүлейлерінің ізін жалғаушы, жырды көмекеймен айту дәстүрінің насихатшысы ретінде елге танылып қалған өнерпазсың. Бұл бағыттағы алғашқы қадамың, алғаш қолыңа домбыра ұстатқан ұстаздарың туралы айтып өтсең.

- Жыр айтуға деген қызығушылығым он, он бір жасымнан басталды. Оған себеп болған да, алғашқы ұстазым болған да өзімнің ата-анам. Әкем менің бойымдағы жыр айтуға деген кішкентай ұшқынды байқаған болу керек, мені осы өнерге өзі баулыды. Мақам деген не, жыр деген не, дастан деген не, домбыра деген не екенін алғаш үйреткен сол – әкем. Өзі де жас кезінде Битас жырау, Көшеней жырау секілді елге белгілі жыраулардың қасында жүріп, бір тыңдаған жырды жатқа алатын құймақұлақ кісі болған. Үйде әкем қолына домбырасын алып жыр айтса, дастан айтса барлық бала маңайына жинала қалып тыңдайтынбыз. Соның әсері болса керек, сол алты баланың барлығы да бүгінде өнерден құр алақан емес.

Кейін анам қолымнан жетектеп жүріп, түрлі үйірмелер мен біраз үлкен ұстаздардың алдына алып барды. Солардың басы Алмас Алматов ағамыз. Одан бөлек, Битас Рүстембеков, Серік Жақсығұлов, Руслан Ахметов секілді ағаларымды өмірлік ұстаздарым деп айта аламын.

- Дәстүрлі әннің төрт мектебінен бөлек, Сырдың жыраулық дәстүрінің өзі бірнеше мектептен құралады. Осы мектептерге тоқталайықшы.

- Иә, дұрыс айтасыз. Тыңдаушы үшін жалпылама «сыр мақамдары» деп айтылғанмен, оның ішінде де бірнеше мектепке бөлінеді. Әр мектептің мақамында, орындалуында өзіндік ерекшеліктер бар. Негізінен Сырдың бойындағы жыраулықтың үш мектебі бар.

Күнсұлу Түрікпен


Оның біріншісі, Жиенбай жырау мектебі, екіншісі, Нұртуған мектебі, үшіншісі, Нартай мектебі.  Мардан Бәйділдаев секілді ірі ғалымдардың зерттеп, талдап, ғылыми негізде бөлген үш мектеп.

Қазір бұл мектептерден бөлек төртінші мектеп деп - Сәрсенбай жырау мектебі де айтылып жүр. Сәрсенбай атамыз да, ел арасында өзіндік мақам-сазымен, ешкімге ұқсамайтын, қайталамайтын жыршылық қасиетімен танылған ерекше тұлға, сүлей болған кісі. Қазір осы Сәрсенбай жырау мектебімен сыр өңірінде төрт жыраулық мектеп бар деп айтылады.

Сөз басында айтқанымдай әр мектептің өз ерекшеліктері бар. Мәселен, Жиенбай жырау мектебінің басты ерекшелігі, өзіңіз айтқандай көмекеймен орындалуында. Бұл түркі халықтарының ішінде, Алтай, Тыва, Хакас, Түркімен, Әзербайжан халықтарының барлығында кездеседі. Бірақ, солардың ішінде оты сөнбеген түпнұсқа ретінде біздің Қармақшы өңіріндегі Жиембет жырау мектебі саналады. Бұл мектептің бүгінде ізін жалғаушы жыраулар аз емес.
Соның бір мысалы, атадан балаға мұра болып Жиенбет жыраудан Рүстембек жырау, одан Битас, Көшеней Рүстембековтер, одан Арнұр Көшеней секілді жыраулар жалғап келеді. Жыраулық қасиеттің ең ерекшелігі де атадан балаға мирас болуып жалғасуында.

Ал, Нұртуған мектебі көмекейден гөрі таңдайға көбірек салады. Себебі, Нұртуған жырау емес, ақын болған кісі. Ол маңайындағы шәкірттерін ақындыққа тәрбиелеп, жырауларға жыр жазып беріп отырған. Ел арасында сөз өнерін насихаттаған тұлға. Бұл мектептің де Жаңаберген, Дәріқұл, Қызылбай жырау секілді белді өкілдері бар. Қазіргі күнге дейін осы оттың ошағын сөндірмей келе жатқандардың бірі деп жампоз жырау Елмұра Жаңабергенова апайымызды айтуға болады. Сондай-ақ, жыраулық қасиет атадан балаға жалғасып келе жатқан Тәңірбергеновтер әулеті бар.

Енді Нартайды әнші деп те, жырау деп те айтуымызға болады. Себебі, ол кісінің артында кейінгіге мұра болып әні де, жыры да, толғауы да, айтысы да, мақам-сазы да қалған. Сондықтан бұл мектепке осы қасиеттердің бәрі тән.

- Ал, өзің осылардың ішінде қайсы мектептің ізін жалғаушысың?

- Мен Жиенбай жыр мектебінің өкілімін. Осы дәстүрді, осы мақамды жалғастырушылардың бірімін деп айта аламын.

- Ел арасында жыршыларға деген құрмет қандай? Не сезесің? Жырлаушыға тыңдаушы сай болы жүр ма?

- Ел арасында жыршыларға деген құрмет қашанда жоғары болған. Бұл құрмет бүгінде төмендей қойған жоқ. Себебі, кезінде ақындық, батырлық, әншілік, орындаушылық, кеңесшілік секілді қасиеттердің барлығы жыраулардың бойынан табылған. Ал, қазір бұл қасиеттер жыршылық, ақындық, әншілік, ағартушылық, ғалымдық секілді ұғыммен алмасып келеді. Сондықтан, жыршы-жырауларға деген құрмет ешқашан жоғалмайды.

Қазақта, «Түйенің өзі барда ізі жоғалмайды» деген жақсы сөз бар. Жыраулық болған, қазір де бар, болашақта да болады. Халық оны тыңдайды, құрметтейді. Тек, біз соны өз заманына лайықтап жеткізе алмай жатамыз. Насихатымыз кем болып жатады. Бүгінде халықтың музыка тыңдау мәдениеті өзгерген. Дегенмен, классикалық өнердің тыңдаушысы қашанда табылады.
Абайдың, «айтушыдан тыңдаушың мықты болсын» дейтіні бар ғой. Сол мықты тыңдаушыны қалыптастыру біздің борышымыз. Сондықтан да, қазіргі таңда мектептер мен жоғары оқу орындарында «Терме тыңдау деген не?» деген тақырыпта кездесулер ұйымдастыра бастадық. Кездесу барысында терме-толғаулардың сөзін, мақамын оқушылармен бірге отырып талдаймыз, түсіндіреміз. Бір байқағаным, жастардың көбі сөздің төркінін таниды. Терме-толғаулардағы астарлы сөздерді талдағанда, өзімізді таңқалдырады. Бірнеше кездесуден осыны аңғардым.

- Бұрын жыраулардан «неше күн жырлай аласың?» деп сұрайды екен. Осы сұрақты бүгін саған қойғым келіп отыр.

- Бұл бір қызық сұрақ болды-ау. Рас, бұрын үш күн, үш түн жырлайтын жыраулар болған. Ал, қазір мұндай отырысқа айтушы дайын болғанмен тыңдаушы дайын емес қой деп ойлаймын. Сырдың бойында дәулетті кісілер ат шаптырып, көкпар тартырып, аталарына ас берген үлкен жиынға бізді де шақырып арнайы жырлатқан кездер болды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын сондай бір шақыртумен Ақтөбе облысына барып жырладым. Бірақ, ол жиында менің дайындап барған сегіз сағаттық қорым жетпей қалды.

Алматы, Шымкент өңірінде де жылына екі-үш мәрте жырауларды шақыртып жырлататын кісілер бар. Өткен жылы белгілі жырау Айдос Рахметов ағамызбен бірге Шымкентке бардық. Сол жолы барлық жаттаған жыр-дастандарым бір күн жырлауға жететін аңғардым.

Кейін әрбірі орта есеппен үш сағатқа жететін он екі дастанды жатқа айтатын болдым. Қазір көп айтылмағандықтан да көбі ұмытыла бастады, дегенмен соның сегізін жатқа айта аламын. Одан бөлек, термелер мен толғауларды қосқанда - екі күн жырлауға жететін қорым да, мүмкіндігім де бар. Заманында жыраулардың деңгейі осы жыр қорымен өлшеніп отырған ғой. Қазір екі күн тыңдамаса да он сағат тапжылмай тыңдай алатын тыңдармандар бар.

Күнсұлу Түрікпен


- Жыршылықтан бөлек әншілік пен сазгерлік қырларың бар екен?

- Бұған дейін айтқанымдай, жыршының бойынан әншілік те, сазгерлік те қырлары болу керек. Кәсіби деңгейде болмаса да, өз әлімше ән жазамын

- Биыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Бұл жылдан не күтесің? Сенің салаңдағы жастарға қандай қолдау керек?

- Бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік деп санаймын. Тасада жүрген, бойында оты бар жастардың көрінетін жылы. Біз де осы саладағы жастар бірігіп жыраулық дәстүрге қатысты бірнеше жоба әзірлеп жатырмыз. Осы жылы өз нәтижесін беріп қалар деп үміттенемін.


© baq.kz, 2019. Автор: Олжас Сәндібек

Материалды ешқандай формада көшіруге болмайды. Автор және меншік иесі тарапынан болатын претензияларда -  көшірме зардабынан жоғалған қаржылай шығындар қосымша көрсетіледі.


Бөлісу: