Бұл туралы Дүниежүзілік қан доноры күніне орай өткізілген пресс-турда Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дулат Имашпаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанада күніне 150-200 адам қан тапсыруға келеді. Олардың 10-15 пайызы кері қайтарылады. Келген адамдардың 130-150-і донор болады. Ол бізге ауруханаларды қан компоненттерімен қамтамасыз етуге жетеді, - деді ол.
Имашпаев науқастар көбейген сайын донор саны да көбейіп отыратынын атады.
Біз елордамыздың ғана емес, республика бойынша бүкіл қан орталықтарының статистикасын жинақтаймыз және есебін жыл сайын Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырамыз. Қазіргі таңда республика бойынша жыл сайын 200 мың, Астана қаласы бойынша 45 мың донация жүргізіледі, - деді ол.
Дулат Имашпаев қан жетпей қалатын кездер де болатынын жеткізді.
Қан жетпей қалатын кездер көбіне ұзақ мерекелер болған кезде, әсіресе ораза кезінде болады. Ол кезде травматологияға шұғыл жағдайлармен көп науқас түсіп, медициналық мекемелерде сол себепті қан жетіспеушілігі болады. Ондай кезде донорларға хабарласып, шақырамыз. Негізінде біздің дәрігерлер 4-ке дейін жұмыс істеуі керек, қан жетпей қалған кезде түнгі 10-11-ге дейін отырады, - деді ол.