Оралдағы мектепте күн станциясы іске қосылды

16 Қазан 2019, 17:40
3190
Бөлісу:
Оралдағы мектепте күн станциясы іске қосылды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күн станциясы іске қосылды. 

Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, ҚР Энергетика министрлігі және "Шелл" компаниясының өкілдері қатысты. 

Назарбаев Зияткерлік мектебінің аумағында "Шелл" компаниясы қуаты 100 Квт/сағ фотоэлектрлік күн панельдерімен жабдықталған арнайы тұрақтар орнатты. Фотоэлектрлік станция күн сәулесін фотоэлектрлік модульдер арқылы түрлендіру арқылы электр энергиясын өндіреді. Олар мектептің жылдық энергия тұтынуының 20% үнемдейді және артық өндірілген электр энергиясын қалалық желіге жіберуге мүмкіндік береді. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев "Мектептерге күн энергиясы" жобасы облыстағы "жасыл экономиканы" енгізуде үлкен қадам екенін айтты. 

"Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова жобаның STEM-білім беруді енгізудегі, оқушылардың экологиялық мәдениетін тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. 

63de5322-b251-46f0-bd8f-6fddc005884f.jpg

Бұндай жаңалыққа, әсіресе, физика пәнінің мұғалімі Өмірғали Бекешев қуанышты. Ол жобаның оқушылардың жасыл экономика, экология саласындағы шығармашылық идеяларына шабыт беретінін айтады. 

"Оқушыларымыздың бұл бағыт бойынша жетістіктері де жоқ емес. Жуырда автобус аялдамаларында энергияны үздіксіз пайдалану жүйесін жасақтаған мектеп түлегі, Назарбаев Университетінің 1-курс студенті Азиз Талапов патент алды", – дейді ұстаз. 

5f5ba116-9298-4160-99e2-9b66b391561f.jpg

Айта кетейік, жоба Энергетика министрлігі, "Шелл" компаниясы және "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ арасындағы меморандум аясында екінші жыл жүзеге асуда. "Шелл" компаниясынан күн энергиясын Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларындағы Зияткерлік мектептер алған болатын. Ал 2020 жылы осындай станция Алматы және Атырау қалаларында пайда болады. 

Салтанатты шарадан кейін жас зияткерлер меймандарға жасыл энергетика, жасанды интеллект, биотехнология салалары бойынша идеяларын таныстырды. Сонымен қатар бұл күні алманың коллекциялық және интенсивті сұрыптары өсетін экобақтың іргетасы қаланды.      

Өзгелердің жаңалығы