Күн сайын мониторингтік топ карантин бұзудың 20 шақты дерегін анықтайды

16 Сәуір 2021, 17:35
1581
Бөлісу:
Күн сайын мониторингтік топ карантин бұзудың 20 шақты дерегін анықтайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен Нұр-Сұлтанда коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі комиссияның отырысы өтті. 

Қатысушылар шектеу шараларын бұзудың алдын алу бойынша қалалық мониторингтік топтардың жұмыс істеу алгоритмі мен эпидемиологиялық жағдайын талқылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Отырыс барысында карантиндік шаралардың сақталмауын анықтау және жолын кесу бойынша мониторингтік топтар жұмысының жаңа алгоритмі бекітілді.

Айта кетейік, олардың құрамына полиция, әкімдік, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері және «Атамекен»ҰКП өкілдері кіреді.

Бақтияр Мәкен күндізгі уақытта «Ashyq» қосымшасымен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін тексеру және олардың тиісті талаптарды сақтағанын анықтау бойынша мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды. 

Сондай-ақ ол түнгі уақытта карантин режимін қасақана бұзушыларды анықтау үшін рейдтер тұрақты жүргізілетінін атап өтті.

Күн сайын мониторингтік топ карантин бұзудың 20 шақты дерегін анықтайды

Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова хабарлағандай, күн сайын мониторинг топтары шектеу және карантин шараларын бұзудың 3-тен 20-ға дейінгі жағдайын анықтайды. 

Үлкен көлемді айыппұлға қарамастан кәсіпкерлік субъектілері карантин талаптарын бұзуды тоқтатар емес.

Осы жылдың 1 қаңтарынан 15 сәуіріне дейін аудандық Полиция басқармаларынан барлығы 550 материал келіп түсті, жалпы сомасы 40 млн теңгеден астам 226 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл ретте 35 млн теңгеден астам сомаға 127 айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді, - деп мәлім етті ол.

Өзгелердің жаңалығы