Құлыбаев пен Боранбаев спорттық мектеп-интернат колледжін аралап көрді

13 Қараша 2020, 14:03
1474
Бөлісу:
Құлыбаев пен Боранбаев спорттық мектеп-интернат колледжін аралап көрді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев және Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев Алматыдағы спорттық ұйымдардың жұмысымен танысты. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Екеуі жуырда жоспарлы жөндеу жүргізілген Кәркен Ахметов атындағы республикалық спорттық мектеп-интернат-колледжін аралап көрді.

Қонақтарға мектепте 25 метрлік бассейн, ойын залы мен 278 орынға арналған жатақхана көрсетілді. Сонымен қатар толық спорттық-жаттығу кешені саналатын дзюдо академиясының құрылысымен танысты. Академия жанында 89 адамға арналған қонақ үй, 40 адамға арналған асхана, барлық халықаралық талаптарға сай келетін дзюдо, семсерлесу залдары бар. Құлыбаев аталған академияның спорттық резервті даярлаудағы маңыздылығын атап өтті, - делінген ақпаратта.

2016 жылы елімізде алғашқы дзюдо Академиясы ашылды. 2017 жылдан бері ол Кәркен Ахметов атындағы республикалық спорттық мектеп-интернат-колледжінің басқаруына берілді.  

Кездесу соңында Тимур Құлыбаев және Қайрат Боранбаев мектеп-интернат-колледждің оқушыларына интерактивті тақталарды сыйға тартты.  Сонымен қатар, Тимур Құлыбаев спортшылардың допингке қарсы зертханасының жұмысымен танысты. 

Бүгінде аталған ұйым өз жұмысын Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) талаптарына сай жүргізіп, WADA лицензиясын қайтару бойынша жұмыстарды жасап жатыр. Аккредитацияны қайтару мақсатында зертхана жол картасын жасап, соның аясында жаңа құрал-жабдықтар алып, жеке тұрған ғимаратқа көшті. 

Сондай-ақ 2020 жылдың 1 қаңтарынан зертхана қызметкерлерінің жалақысы екі есе өсті. Бұдан басқа тиым салынған әдістер мен препараттарды жылдам анықтау үшін зертхана мамандары ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, тұрақты түрде біліктілікті арттыру семинарларына қатысады.  ҰОК Президенті жасалған жұмыстарға оң баға беріп, зертхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, WADA лицензиясын қайтару жолында жасалып жатқан жұмыстарды белсенді етуге, еліміздің ұлттық құрама командалардың кешенді-ғылыми топтарымен бірлесіп жұмыс істеуге аса көңіл бөлу қажеттігін тағы да назарға алды, - деп жазды комитеттің баспасөз қызметі.   

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 22 қарашасында WADA ұйымының атқарушы комитетінің шешімімен спортшылардың допингке қарсы зертханасы  WADA лабораторияларының аккредитациясын алуға үміткер ретінде танылды.




Өзгелердің жаңалығы