Күлтөбедегі археологиялық қазба жұмыстары тың деректердің бетін ашты

11 Қыркүйек 2019, 18:52
3873
Бөлісу:
Күлтөбедегі археологиялық қазба жұмыстары тың деректердің бетін ашты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Күлтөбеден II-III ғасырға тән алтындар табылды.

Түркістан қаласындағы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты ортағасырлық Күлтөбе қалашығында тарихшылар мен ғалымдар және археологтардың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Басқосудың мақсаты – қорық-музей аумағында атқарылып жатқан археологиялық қазба жұмыстары мен оның нәтижесі және археологиялық саябақ құру, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру.

«Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен 2019-2021 жылдарға жоспарланған Күлтөбе қалашығын зерттеу және археологиялық саябаққа айналдыру жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Терең зерттеулердің нәтижесі көптеген тарихи деректердің бетін ашып, құндылықтар қатарын толықтыра түсері сөзсіз. Оның бір дәлелі жыл басынан бері жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 6000-нан астам артефактілері табылуы», - деді Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова.

Күлтөбеден табылған алтын, темір және қоладан жасалған бұйымдар, қыштар мен тиындар, органикалық заттар, тандырлы пештері бар тұрмыстық бөлмелер, ыдыс-аяққа арналған көптеген плиткалар, балалардың ысқырық ойыншықтары әр кезеңнің көрінісін айқындап беруде. Сондай-ақ, жуырда ғана табылған қыз-келіншектердің әшекей бұйымдары да ғұн кезеңінің жасалу технологиясынан хабар береді.

«Әдетте алтыннан жасалған жәдігерлер сырттағы обаларда табылады, қаланың ортасында емес. Күлтөбеден табылған сирек кездесетін жәдігердің де ерекшелігі осында. Мұның жасалу үлгісі сақ дәуірінде басқаша болған, қосымша тастарды әшекейлеп бетіне жапсыру болмаған. Бұл ғұн, сармат кезеңдеріне тән, II-III ғасырға тән алтындар қатарын толықтырып тұр. Әр кезеңге тән бірнеше алтындар табылып отыр. Бізді қызықтырғаны - сұрақ белгісіне ұқсас сырға. Ол көбіне қыпшақтарға тән болған. Әрбір жәдігер ата-тегіміз бен салт-дәстүр ғұрпымыздан хабар береді», - деді тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа.

Сонымен қатар, Ясауидің ілімі тараған мәдени-рухани өлкедегі жер қойнынан табылған жәдігерлердің бірегейі - араб графикасында жазылған қос кітап. Жәдігерлердің бірі хумдан пештің ішіндегі құланды қыштар арасынан табылған.

«Күлтөбе - терең зерттеуді қажет ететін тарихқа толы өлке. Биылғы жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары бірқатар табыстарға қол жеткізді. Көңіл қуанады. Мұндағы мамандардың арнайы шақыруымен келіп, қазбадан табылған кітаптарды қайта жаңартып, қалпына келтіруге кірістім. Жәдігерлер ағаш ұнтағынан жасалған секілді. Себебі, сақталуы өте нашар. Кейбір фрагменттері ғана сақталып, үгітіліп тұр. Көп еңбек етуіміз керек. Қайта қалпына келтіріп болған соң ішіндегі жазуларды толықтай оқып, зерттеуге мүмкіндік аламыз», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, суретші-реставратор Қырым Алтынбеков.

Археологиялық парктер - тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтау мен зерттеудің кешенді жобасы болып табылады. Түркістан қаласы - әртүрлі дәуірлердің археологиялық ескерткіштері тығыз орналасқан мекен. Археологиялық саябақ құру жобасы үшін де ең қолайлы орын болып табылады. Осы орайда қолға алынған жобалар аясында консервация және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, Түркістанға келген туристер Ясы келбетінің, қазақ тарихымен таныстырылады.

«Бәрімізге белгілі, өткенімізсіз бүгініміз бен болашағымыз қаланбайды. Мінекей, аз ғана аумақтағы қазба жұмыстарының өзі жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Бұл дегеніңіз өткен тарихымыз біздің мақтанышымыз екенін ұғындыра түсті», - дейді «ERG Kөmek» корпоративтік қорының жетекшісі Сейітқали Рахымов.


Өзгелердің жаңалығы