Құлшылық етпеген адамға «кәпірсің» деуге ешкімнің хақы жоқ – дінтанушы

18 Сәуір 2021, 14:35
2776
Бөлісу:
Құлшылық етпеген адамға «кәпірсің» деуге ешкімнің хақы жоқ – дінтанушы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы өзінің Фейсбуктегі парақшасында осылай деп жазды.

Ол желіде қойылған сұрақтың астында пікір талас орын алғанын жазып, оған маман ретінде жауап беруді жөн көрген.

Дінімізде иман мен амал екі бөлек қарастырылады. Құлшылық әр мұсылманға парыз. Бірақ құлшылығы кем адам орындамаған парызы үшін сұралса да, мұсылмандықтан, діннен шықпайды. Ешкімнің оған «кәпірсің, мұнафиқсың»,- деп айтуға қақысы жоқ. «Намаз оқымаған адамның оразасы қабыл болмайды», деп айту да қате, тіпті үлкен күнә. Алланың атынан дәлелсіз сөйлеуге болмайды. Құлшылықты қабыл алып-алмау ісі Жаратқанның құзіретіндегі дүние. Оған біздің араласуға қақымыз жоқ, - деп жазды ол.

Оның жазуынша,  талай адам алғашқыда намаз оқымаса да, оразасын ұстап, неше жылдан кейін болса да мұсылмандықтың қалған парыздарын түгендеп жатады.

Шама-шарқына қарай Құдайға жақындайын деп тұрған адамды шошытып, діннен бездіруге ешкімнің қақысы жоқ. «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» деген қазақ мақалы жоғарыдағы сауалдың пәтуасы болмақ. Оразаларыңыз қабыл болсын!, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы