Күләш Жалбырова: Кейбір телеарнадан гөрі радиода тыңдауға тұрарлық дүние бар

Күләш Жалбырова: Кейбір телеарнадан гөрі радиода тыңдауға тұрарлық дүние бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ғасыр күнделігі» айдарының бұл жолғы қонағы Қазақ радиосының музыкалық редакциясында қызмет атқарған Күләш Сәдуахасқызы Жалбырова.

- Күләш апай, өзіңіз қызмет істеген кездегі естеліктерді айтсаңыз? Еңбек жолыңызды сол радиодан бастап, сол радиодан зейнетке шыққан екенсіз.

- Қазақ радиосы ашылғалы бері 100 жыл өтіпті. Сол радионың дауысы, үні әлі үзілген жоқ. Әлі жалғасып келеді, болашақта да жалғаса береді деген сенімдемін.

Барлығыңыздың қазіргі әңгімелеріңіз, әндеріңіз де, сәндеріңіз де сол 100 жылдық – ғасыр тойы екені анық. 100 жылдық құтты болсын!

Мен қазақ радиосының музыка редакциясында істедім. 1987 жылы бардым ғой деймін радиоға. Сол жерден мен зейнетке шықтым. Қазақ радиосындағы ең үлкен редакция біздің музыка редакциясы болды. Өйткені бізде орыс редакциясы да болды, «Шалқар» да бізде болды. Музыка редакциясының өзінде біз біраз адам істедік. Қазір сол кездегі бірге істеген адамдардың бәрі ардагерлер қатарын толықтырып жүр.

Күләш Жалбырова: Кейбір телеарнадан гөрі радиода тыңдауға тұрарлық дүние бар
- Нұрғали Нүсіпжанов ағалармен бірге істедіңіз бе?

- Ол кісі мен келерден де бұрын істеген екен редакцияда. Бірақ біздің кезімізде де келіп, әндерін жаздырып тұратын.

- Ілия Жақанов ағамыз басшыңыз болды ғой?

- Иә, Ілия Жақанов ағамыз басқарды. Мен сол Ілия ағадан кейін басқарған Серғазы Тұрсынбаевтың кезінде келдім. Ол кісі бас редактор еді. Бір керемет білімді, сондай жақсы адам еді. «Алтын қорды» басқарды, радионың музыка редакциясын жақсы жолға қойған сол Серғазы ағамыз болды.

- Сіз радиоға келген уақыт қазақтың ән өнеріндегі жақсы дәстүр сақталып, жақсы ізге түсіп қалған кезі еді. Сол кезде атақты композиторлармен жұмыс істеген шығарсыздар. Кімдермен жұмыс істедіңіздер?

- Біздің кезімізде Қазақ радиосында Кеңес Дүйсекеев басқаратын эстрадалық оркестр болды.

- Сонда, Қазақ радиосының өзінің жеке оркестрі болған ба?

- Иә, Кеңес Дүйсекеев басқаратын еді. Дирижері де өзі болды. Сол студияда әндерін жазады, шығармалар жазады. Одан кейін Мұрат Серкебаевтың оркестрі болды. Екі оркестр болатын қазақ радиосында. Ол кезде «Көркемдік кеңес» болатын. Содан өтсе, эфирге жіберілетін. Одан өтпесе, эфирге берілмейтін. Бірақ, біздің кезімізде «Көркемдік кеңес» болмады. Әншілердің әкеліп тапсырған әндерін өзіміз тыңдап, бас редактор бар бәріміз тыңдап, эфирге бере беретін болдық.

Мысалы менің өзім жүргізетін «Фонотека жаңалықтары» деген айдары болды. Біздің фонотека үлкен ғой. Жазбалар жетеді. Неше жылғы жазба бар Қазақ радиосында. Оның сыртында әншілер жаңа әндерін алып келеді. Ән әкелген әншілерден сұқбат алып отырдым. Әнінің тарихы, кім жазды, музыкасын кім жазды, қалай орындалды сол туралы бәрін айтып, артынан сол әнді беріп отырамын. «Фонотека жаңалықтары» айдарының негізгі формасы осындай болды.

Күләш Жалбырова: Кейбір телеарнадан гөрі радиода тыңдауға тұрарлық дүние бар
Фото: мұрағаттан
- Сол кезде сізге сұхбат беріп, әндерін тапсырған танымалдардан кімдерді атар едіңіз?

- Ой, көп қой. Мысалы Сүлеймен Ибрагимов әндерін жиі әкелетін. Сәкен Қалымов, Мақпал Жүнісова, т.б. Төлеген Мұхамеджановтан сұқбат алғаным есімде. Ол бір жаңа әнін әкелген еді. Қазақстанның халық әртіс Алтынбек Қоразбаевты эфирге шақыру оңай емес. Бірақ айтқан сөзімді екі етпей Алтынбек Қоразбаев эфирге өзінің домбырасын алып келіп, біздің студияда «Қарасаздың шыбығын желтербеген» деген өзінің жаңа әні бар екен. Сөзі Мұқағали Мақатаевтікі ғой. Сол ән туралы айтып, соны орындап, керемет сұхбат болды.

Одан бөлек концерттерге барамыз. Мысалы бір жолы Роза Бағланованың есеп беру концерті болды. Менің кезегім келді де, сол концертке бардым. Концерттен кейін Роза Бағланованың өзінен, Нұрғали Нүсіпжановтан сұқбат алдым. Сондай-сондай жұмыстар жасадық.

Музыкалық редакция болғандықтан, тыңдаушылардың сұрауы бойынша концерт береміз. Ол үрдіс қазірде бар ғой. Біздің кезімізде тыңдаушылардың сұрауы бойынша танымал әншілердің, композиторлардың әндерін кезек-кезек беретін едік.

- Қандай әндер көп сұраушы еді сол кезде?

- Мақпалдың әндерін көп сұрайды. Сосын Сәкен Қалымовтың «Алтайдың ар жағына келген ару» дегені шықты ғой, сол әнді сұрайды. Ол жерден зейнетке кеткеніме де көп уақыт болды. Есімде де жоқ. Көп жақсы әндерді сұрайтын. Алтынбек Қоразбаевтың, Стамғазиевтың әндерін сүйіп тыңдайтын тыңдаушы көп еді. Солардың талабын орындап, сұраған әндерін береміз.

Күләш Жалбырова: Кейбір телеарнадан гөрі радиода тыңдауға тұрарлық дүние бар
Фото: мұрағаттан
- 1987 жылдары сіз радиоға келдім деп отырсыз ғой. Ел Тәуелсіздігін алып, қоғам нарықтық экономикаға ауысатын кезде сіз радиода жүрдіңіз. Сол кездегі қазақ ән өнеріндегі беталыс қандай еді? Кеңес үкіметі кезіндегі әндерді білесіз, қандай сарында жазылғанын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әндер қандай сарында жазылушы еді?

- Қалай айтсам болар екен? Ол кезде эстрадалық әндер көбейді. Сонымен қатар, эстрадаға өңделген Халық әндері де аз болмады. Сонымен бірге ол кезде әр салаға арналған әндердің қатары көбейді. Мысалы дәрігерлер күні, орман шаруашылығы күні, ауыл шаруашылығы күні дегендер көп еді ғой. Біз солардың бәріне концерт жасап отырдық. Соның нәтижесінде әр сала маманына арналған әндердің қатары толықты.

- Сіз мамандығыңыз бойынша журналиссіз бе?

- Мен журналист емеспін. Музыка факультетін бітірдім. Сол себепті де мені музыка редакциясына жұмысқа алды. Жұмысқа бірінші келген кезде, әлі күнге дейін менің ұстазым деймін, Омарбекова деген апайдың қолына келдім. Сол жерге көп еңбегі сіңген, 40 жылдай сол жерде жұмыс істеген, ардагер еді. Маған концертті қалай жасау керек, радионың бағыт-бағдары қандай, бәрін түсіндіріп, үйретті. Сол кісінің тәрбиелеуімен радионың ішкі өміріне араласып кеттім.

- Мысалы ол кезде журналистер хабар жасағанда таспамен жұмыс істейді. Ленталарды қайшыменен қиып, бір-бірімен жалғап дегендей. Сіздер де дәл солай істейсіздер ме музыкаларды?

- Бізде музыка редакциясында да солай болды. Өз режиссорымыз болды. Еңбегі сіңген, 40 жылдай істеген шығар, Фарихан Атқанова деген апай болды. Біздің музыка редакциясының режиссері. Содан кейін Гүлбақыт Қайсенова операторымыз. Ол керемет енді «ы-ы-ы» деп ыңыранып сөйлейтіндер көп қой. Соның барлығын білдірмей, керемет қылып жасап беретін хабарды. Көп жыл істеген, еңбегі сіңген. «Еңбек қайраткерін» алды ғой деймін кейінгі кездері. Өкінішке қарай өмірден өтіп кетті. Радиода көп жыл істеді. Фарихан мен Қайсенованы білмейтіндер кемде-кем шығар. Өйткені хабардың соңында режиссері Фарихан Атқанова, операторы Гүлбақыт Қайсенова, содан кейін дайындағаны, кім дайындады мысалы редактор соның аты-жөні бәрі жазылып отыратын. Бәріміз де хабар жасадық қой. Соны бәрін кесіп, қиып білдірмей әдемілеп, керемет қылып шығаратын сол біздің операторымыз – Гүлбақыт. Сонымен қатар, Музыка редакциясында 40 жылдай жұмыс істеп, еңбегі сіңген майталман Райхан Оразбақова, Қарлығаш Оңалова, Раушан Айтжанова т.б. көп еді, есімдері есіме түспей отыр.

Күләш Жалбырова: Кейбір телеарнадан гөрі радиода тыңдауға тұрарлық дүние бар
Фото: мұрағаттан
- Қазір «Алтын қорға» болмаса, радиоға ән өткізудің өзінің талаптары бар. Ән мәтініне мән береді, әуеніне мән береді дегендей. Плагиат емес пе соны қадағалайды. Сіздердің кездеріңізде әнге қойылатын талап қандай еді?

- Біз істеп жүрген кезде Көркемді кеңес деген болды ғой, содан өтеді. Ол кезде сөзіне де қарайды, әніне де қарайды, орындауына да қарайды, қайдан ұрланғанына да қарайды. Бәрін қарап, електен өткізіп, эфирге жіберіп отырады.

- Бұрынғы Ақан серілердің, Біржандардың әндерін орындаушылар бар. Оларды қалай қабылдадыңыздар? Бұрынғы айтылған халық әндерін қалай қабылдадыңыздар?

- Бұрынғы айтылған халық әндерін қазіргі заманға сай, қазіргі талапқа сай жасап жүрді ғой. Оны кейінгі кезде домбыраны қосып, эстрадаға домбыраның үнін салып жасауды шығарды. Ол бір өте жақсы болды. Ең бірінші «Алтайдың ар жағынан келген арудан» басталды домбыраның үнін алу. Содан бастап әншілер халық әні болсын, басқа ән болсын сол әнге лайықты етіп домбыраның үнін салып, солай оранжировка жасап жүрді. Халық әндерін эстрадаға да салып айтып жүрді, халық әндерін домбырамен де айтып жүрді. Көбіне Рамазан Стамғазиев бастаған дәстүрлі әншілер айтып жүрді ғой халық әндерін. Халық әндерін бұзып айтатын да әншілер болды. Қазір есімде жоқ, өте бұзып айтқандар да болды. Ал енді дәстүрлі әншілер бұзбай, қалай болды солай айтып жүрді. Сол үшін дәстүрлі ән деп құрметтейтінбіз.

- Сіздің көзқарасыңыз бойынша радиожурналистиканың, радио жанрының қай бағыты ауыр деп ойлайсыз? Қай саласының жұмысы көптеу? «Алтын қор» ма, музыка редакциясы ма, насихат редакциясы ма?

- Қазақ радиосында ауыл өмірі редакциясы болды, насихат болды, жаңалықтарды жүргізетін редакция болды, балалар редакциясы болды. Біраз редакциялар болды ғой. Соның ішінде біздің музыка редакциясында хабар жасау аса ауыр болған жоқ. Бірақ барлық ауырлық Фарихан менен Гүлбақытқа түсіп тұрады. Сол екеуі жөндейді. Артығын алады, қосады дегендей.

Күләш Жалбырова: Кейбір телеарнадан гөрі радиода тыңдауға тұрарлық дүние бар
Фото: мұрағаттан
- Журналистерге музыканы сіздер дайындап бересіздер ма? Жоқ, журналистер өздері ізденуші ме еді музыканы?

- Жоқ, хабар жасайтын журналист, ал музыкасын дайындайтын біздің редакторлар. Хабардың мазмұнына қарай, соған сай келетін әуен іздеп, соны тауып береміз. Музыкасын көбінде музыка режиссерлері айтады. Мына хабарға осындай әуен немесе ән керек деп. Біз сол музыканы дайындап, фонотекадан тауып береміз.

- Сіз қызмет еткен жылдары «Алтын қорға» қанша ән қамтылды? Есіңізде бар ма?

- Енді осынша деп мен нақты санын айта алмаймын. Бірақ көп ән «Алтын қорға» қабылданды. Өйткені әншілер «Фонотека жаңалықтарынан» бұрын да өз әндерін әкеліп өткізіп тұрды. Бас редактормен келісіп, өткізіп отырды фонотекаға. Музыка редакциясы деген ең бір жақсы редакция болды. Бүкіл музыканы, әншілерді, сазгерді дәріптеп отыратын, композиторымыз бар. Ақындардың да кейде өлеңдерін беріп, арасында муызка қосып хабар жасап отыратын да редакторлар болды.

- Осы салада кімді үлгі тұттыңыз?

- Еңбек жолымда өмірін осы салаға арнап, еңбегі сіңген, музыканың, радионың отымен кіріп, күлімен шыққан ардагерлер болды. Солардан үйрендік, білмегенімізді сұрадық.

- Жаңа айтып жатырсыз есеп беру концерттерінде боламыз деп. Өзіңіз қатысқан сол кездегі ең үлкен деңгейдегі ән кештері қандай еді? Қайсысын айта аласыз?

- Қазақ радиосы көптеген әншінің шығармашылық кешінен концерттер берді ғой. Бәрі де біздің редакция арқылы өтетін. «Азия дауысы» халқаралық байқауында да біздің редакторлар жұмыс істеді. Түніменен репортерін арқалап дауыс жазып жүрді. Ол да еңбек. Оны монтаждайды, ертесіне эфирге жібереді. Қазір нақты кідердің концертінде болғаным есімде жо. Есімде қалғаны Роза Бағлаанованың есеп беру кешіне барғаным. Ол жайлы жоғарыда айттым. Сұқбат алғанымды. Сосын Мәдинаның концерттеріне барғаным бар. Марқұм Ералиеваны айтам. Гастрольдік сапардан келген кезінде сұқбат алған едім.

Күләш Жалбырова: Кейбір телеарнадан гөрі радиода тыңдауға тұрарлық дүние бар
Фото: мұрағаттан
- Радиодағы таныстарына айтқызып, «менің әнім эфирден жиі берілсінші» дейтін әншілер барын білеміз. Ал сіздердің кездеріңізде жақсы араласатын әншілер ондай өтініш жасаушы ма еді?

- Ондай өтініш болған жоқ. Бірақ бір қызық болды. Мен Қызылорданың қызымын ғой, ол ойымнан шығып та кетіпті. Бір жолы кілең Қызылордадан шыққан әншілердің орындауында концерт беріппін. Құдайберген Бекішов, Жеңіс Ысқақова, Жеңіс Сейдоллаұлы, тағы бірнеше әнші бар. Оны мен байқамаппын. Сол кездерді Нұрлан Өнербаев Қазақ радиосына жаңадан директор болып келген кез еді. Сол кісінің қолынан өтеді ғой эфирге кетпес бұрын. Менің жасаған концертімнің бағдарламасын көріпті де, «мына концертті кім жасаған?» деп сұрапты. «Жалбырова Қызылордадан екен, сол жасаған» дегенде бәрі күліпті. Мен оны жасайын деп жасаған жоқпын. Солай болып кетіпті.

Ондай кезде таныстықпен «менің әнімді бер, менің әнімді бер» деп ешкім айтпайды. Өйткені әндердің бәрі беріледі эфирден. Мысалы, бәлен деген әншінің орындауында концерт тыңдаңыздар дейміз де оның орындауында, Жеңіс Сейдоллаұлының орындауында концерт тыңдаңыздар дейміз де соның орындауында жеке-жеке концерттер беретін едік. «Менің әнімді бер, менің әнімді өткіз» деген ол кезде ондай жоқ еді. Өз басым ондайды көрген жоқпын.

- Өзіңіз музыкаға жақынсыз, осы салада жүрсіз. Ән шығарып, ән айтатын кездеріңіз бола ма?

- Әу демейтін қазақ жоқ дегендей, ән айтатын кезім бар енді. Ән айтам, сахнаға шығып, концертке қатыспасам да, дастархан басында, той томалақта ән айт деген кезде айта берем. Айтатын әндерім бар өзімнің. Жаңағы ән шығарып, әнмен айналысып, музыканы бітіргенмен ондаймен айналысқан жоқпын.

- Қазір тыңдаушының талғамына қарай ма, жоқ орындаушылардың, әншілердің талғамына қарай ма әйтеуір түрлі деңгейдегі сапасы да, мәтіні де түрлі деңгейдегі әндер қаптап кетті ғой. Осы туралы не айтасыз?

- Қаптап кетті, иә. Мысалы бұрынғы әндерді тыңдап отырсам, Ескендір Хасанғалиевтің, Кеңес Дүйсекеевтің, Әсет Бейсеуовтың әндері ешқашан ұмытылмайды. Бір әнді тыңдап жаттап алдың ба, жадыңда өмірбойы қалады. Қазіргі шығарып жатқан әндерді бір естисің, түк есіңде қалмайды. «Ана ән қандай еді, аты қандай еді?» деп дым есіңе түсіре алмайсың. Жеңіл ән бе әлде жаңағы біріне бірі ұқсайтын ән бе, ол жағын түсінбейміз енді. Осы кейінгі кезде сондай боп жүр. Біз радиода жүрген кезде ондай әндер жоқ. Ондай әндер әкелмейтін. Ондай әкелген әндер өтпейді фонотека қорына.

- Ұзақ жыл осы салада қызмет еткен маман ретінде ән өнерінің осындай жеңіл түріге ауысып кетуіне не айтасыз?

- Жеңіл әндерге ме?

Күләш Жалбырова: Кейбір телеарнадан гөрі радиода тыңдауға тұрарлық дүние бар
Фото: мұрағаттан
- Иә, жалпы қазірге қоғамда түрлі әндер қаптап кетті ғой...

- Неше түрлі әндер бар. Мынау тойдың әні дейді, бидің әні дейді, ой керемет екен деп даурығысып жатады. Өз басым дұрыс қараймын деп айта алмаймын. Өзіміздің атақты композиторларымыздың қасында ол әндер жай әндер боп қалады ғой. Сондықтан оны қазір... білмеймін, көп енді. Әнші де көп, ән де көп, бірақ Шәмші жоқ дегеннің нақ өзі болып тұр ғой қазір.

- Шәмші демекші, Шәмшіні көрген шығарсыз?

- Көрдім. Шәмшінің 60 жылдығында концертіне бардым. Ол кісінің өзі болды. Ұмытпасам 60 жылдығы Орталық концерт зал дейді ғой, сол жерде болды. Соған бардық. Әншілерден сұқбат алдық. Шәмші туралы айтқандары болды, Шәмшінің әні туралы айтқандар болды. Жалғыз мен емес, радионың бірнеше редакторы бардық. Шәмшіні көрдік иә.

- Қазақ радиосында сол кезде екі оркестр болғанын айттыңыз. Олар ән жазуға келген әншілерді сүйемелдейді ғой. Сіздердің редакцияның ән жазуға қатысы бар ма еді?

- Қатысы болған жоқ десем де болады. Себебі әншілер радиоға өздері келеді, студияда уақытын алады. Қай уақытта дауыс жазам десе, алдын ала айтып, келеді. Ал оларға сол жерде операторы бар, музыка өңдеушісі бар солар қызмет көрсетеді. Және ол жерде ең бастысы, Кеңес Дүйсекеев ағамыз бар. Бәрі оны тыңдайды.

Кеңес Дүйсекеев әннің бір жерінде бірдеңе кетті ме, дереу сызып тастайды. Ол кісінің сондай бір жақсы әдеті бар. Өткізбей қояды. Сондықтан ән деген біздің студияда керемет жазылып жүрді. Кейіннен жекеменшік студиялар көбейіп кетті ғой. Бізге кейінгі келген сол студиялардан жазылған әндер.

Бізде студия жабылды. Оркестр тарады. Мұрат Серкебаев өзі басқаша оркестрімен кетті. Сондықтан көбісі жеке студияда ән жазатын болды ғой. Жеке студияда жазып әкелген әндерден біздің студияда – Кеңес Дүйсекеев, Мұрат Серкебаевтар жазған әндердің айырмашылығы ерекше. Қазақ радиосының студиясында жазылған әндерде жаңағы қаңғырлағаны да жоқ, даңғырлағаны да жоқ, неше түрлі аспаптардың үнімененн кәдімгі керемет жазылған. Құлаққа да жағымды.

Күләш Жалбырова: Кейбір телеарнадан гөрі радиода тыңдауға тұрарлық дүние бар
- 1979-80 жылы бір рет «Алтын қор» суға кетті. Одан кейін 2000 жылы тағы да су шайды. Сол кезде сіздер жинаған музыкалардың қаншасы кетіп қалды?

- Ол кездерде мен болған жоқпын. Мен 1987-88-дің ортасында келдім, 79-да мен болған жоқпын. Бірақ естідім. Кейін су тиіп, жарамсыз болып қалған көп пленканы көрдім. Оларды қайтадан жазды, қайтадан өңдеді.

«Алтын қор» суға кеткенде, ол жердегі пленкалар десте-десте боп тұрады ғой, сөреде. Сол төменгі жақтары суға кеткен шығар, жоғары жақтары суға кете қойған жоқ. Көп кеткен жоқ сияқты. Төменгі сөрелерде хабарлар тұратын. Үлкен-үлкен хабарлар. Музыка редакциясы көп хабар жасады ғой әншілер туралы, композиторлар туралы, ақындар туралы көп жазды. Алтын Иманбаева істеді жақсы журналист, қаламгер оның жасаған хабарлары, Райхан Оразбақованың жасаған, Раушан Айтжанованың жасаған хабарлары солардың барлығы «Алтын қорда» сақталған.

- Радио ардагерлерін іздей ме?

- Кешіріңіз, менің телефонымды кім бергенін білмеймін сізге, менің телефонымды ешкім білмей ме, менің өз басыма ешкім хабарласқан жоқ. Бірақ естимін Қазақ радиосына жаңа директор келді деп. Алматыда біраз ардагерлерді жинапты.

Содан кейін осы жақында Ұлттық кітапханада жиналды деп естідім. Оны ұйымдастырған Бақыт Жағыпарұлы ғой деймін. Бірақ маған ешкім айтпады.

90 жылдықта біз болдық. Өте жақсы өтті, мына Әкем театрда өтті. Ресторанда шамалы шай жасап сонда болдық. 95 жылдығы Астанада болды ғой, оған шақыру билетін берді, бірақ бара алаған жоқпын. 100 жылдықты білмеймін. Шақыратын шығар деген дәмеміз бар. 100 жыл деген 1 ғасыр ғой . Оңай емес ол. Қазақ радиосын қосып қоямын ғой күнде, бірінші содан бастайды.

Күләш Жалбырова: Кейбір телеарнадан гөрі радиода тыңдауға тұрарлық дүние бар
Фото: мұрағаттан
- Қазір радио көп. Музыкалық радиолар да бар, жекеменшік радиолар да бар. Егер сізді музыкалық радионың директоры деп елестетсек, музыкалық радио деген қандай болу керек деп ойлайсыз?

- Музыкалық радио менің ойымша тек Қазақ радиосы сияқты болу керек. Басқа жеңіл-желпі радиолар, кәкір-шүкір дейміз ғой жаңағы, кешірер енді, ондай радиолар тек тарсылдатып таңнан кешке дейін музыкасын береді. Айтатын бір сөздері жоқ, үлгі алатын, шамалы ойланатындай түгі жоқ. Бізде барлық сала қамтылған. Қазақ радиосына жете алмайды-ау деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге қарасам әлі де Қазақ радиосын тыңдайтыныңызды байқадым. Радионың қазіргі қызметкерлерінің, әсіресе музыка жағын өңдеу жұмыстарынан әттеген-ай деген тұстары бола ма? Олардың қазіргі беру тәсілі, форматы сіздің көңіліңізден шыға ма?

- Қазақ радиосы қазір жақсарған сияқты, меніңше. «Шіркін-ай» деген бағдарламаны тыңдаймын. Өте жақсы. Біздің баяғы тыңдарманның сұраулары бойынша береді, айтыстарды береді. Содан кейін, Әбдірәлі Бөлебай жүргізетін бұрынғы ескі хабарлардан беріп тұратын бір айдар бар, аты есімнен шығып отыр, сол да тартымды бағдарлама. Күніне бір рет ескі хабарларды жүргізіп отырады, «Алтын қордан» алып. Радиода тыңдауға тұрарлық жақсы-жақсы хабарлар бар. Кейбір телеарнаға қарағанда радиода тыңдауға тұрарлық дүние бар.

- Өз замандастарыңыз туралы не айтасыз?

- Радиода бірге істеген қызметкерлерді айттым. Серғазы деген өте білімді азамат еді. Радионы да өте жақсы басқарды. Астанада да ол басқарды ғой. Сол жерден зейнетке шықты. Ардагерлерді айттым, режиссердан Тілеуберді Доспаев деген кісі істеді. Жақсы режиссер, ол кісінің режиссерлығы өте керемет. О дүниелік болып кеткен де адамдар бар. Ол кісілердің жатқан жерлері жайлы болсын!

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:

Фото: автордан