Құл-Мұхаммед: Академик Зимановтың 100 жылдығы елеусіз қалмау керек

29 Қазан 2020, 12:17
1959
Бөлісу:
Құл-Мұхаммед: Академик Зимановтың 100 жылдығы елеусіз қалмау керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Академик Салық Зимановтың туғанына келесі жылдың ақпан айында 100 жыл толады. Алайда, осы бір айтулы дата Үкіметтің алдағы жылы атап өтетін мерейтойлар тізбесінен тыс қалған. Осыған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған бір топ сенатор премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады.

Сауалда академик Зимановтың отандық заң ғылымының дамуына сіңірген орасан зор еңбегі және елімізде білікті заңгерлер даярлаудың негізін қалыптастырған ұстаздық қызметі жан-жақты баяндалған. 

Ол 1961 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғағаннан кейінгі бар ғұмырын қазақстандық заң ғылымының дамуына арнады. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін, Ұлттық ғылым академиясының Философия және право институттарын басқарып, мыңдаған шәкір тәрбиелеп, 30-дан астам ғылым докторы мен кандидаттарын даярлады. Оның шәкірттері Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде көптеп саналады, – деген Мұхтар Құл-Мұхаммед академик көзінің тірісінде-ақ «қазақ заң ғылымының патриархы» деген бейресми атаққа ие болғанын айтты. 

Шын мәнінде, Салық Зиманов мемлекет теориясы мен тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы, конституциялық құқық, қазақтың ата заңдары және заң ғылымының өзекті мәселелеріне арналған көптеген монографиялар мен ғылыми еңбектер жазып, соңына 10 томдық мол ғылыми-шығармашылық мұра қалдырған тұлға. 

Салық Зиманов десе, ең алдымен, еліміздің егемендігі еске түседі. Өйткені, Қазақстанның тәуелсіздігіне даңғыл жол салып берген басты қадам 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Қазақ КСР-нің «Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясы еді. Оның жобасын дайындаған депутаттық комиссияның басшысы дәл осы Зиманов болатын. Кейін 1991 жылы 14-16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңын қабылдау барысында мәселе тығырыққа тірелгенде тағы да келісім комиссиясының құрамына кіріп, тарихи құжаттың қабылдануына Жоғарғы Кеңестің заңгер депутаты ретінде зор үлес қосты. 

Оның сол кезде сөйлеген сөздері мен тегеурінді пікірлері Парламент мұрағатында сайрап тұр. Ол 1994 жылы Жоғарғы Кеңеске екінші мәрте депутат ретінде сайланып, өмірінің соңына дейін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бәріне дерлік абыз ақсақал ретінде белсене араласты. Сенат пен Мәжіліс төрағалары, премьер-министр және республикалық құқықтық орган басшыларына ұдайы өзінің толымды ұсыныс, тағылымды пікірлерін жолдап отырды. Елбасының саяси-құқықтық реформаларына үнемі қолдау көрсетті, – деді сенатор. 

Сауалда Салық Зимановтың Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер ғана емес, нағыз қаһарман екеніне де назар аударылған. Әсіресе, оның «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталғаны, даңқты қолбасшы, маршал К.К.Рокоссовскийдің тікелей басшылығымен шайқасқаны және соғысты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлымен бірдей әскери шенде – полковник дәрежесінде аяқтағаны ерекше айтылған. 

Мұхтар Құл-Мұхаммед академиктің ғасырлық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтудің ұлттық және елдік мүдде тұрғысынан маңызы өте зор екенін айтып, Үкіметке осы бағыттағы бірқатар ұсыныстарын жолдады. Нақты айтқанда, сенатор қаһарман ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция, таным-тағылымдық шаралар өткізу, оның есімін Атырау мен Алматы қалаларының көшелеріне және Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан салынған мектептердің біріне беру, туған жерінде еңселі ескерткішін орнату мәселесін қарастыруды сұрайды.


Өзгелердің жаңалығы