Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев қылмыстық процесте күдіктінің құқықтарын қорғауды күшейтіп, заңнамаға «Миранда қағидасын» енгізу қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, адам күдікті деп танылған алғашқы сәттен бастап оған білікті қорғаушының келуін қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының басты талабы болуы тиіс.
Дәлірек айтсақ, адам күдікті деп алғашқы секундтан бастап, оның қасына білікті қорғаушының келуін қамтамасыз ету – біздің басты талабымыз. Өкінішке қарай, мойындауымыз да қажет, көбіне адамдар осы заңның қыр-сырын, өзінің қандай құқықтары бар екенін бірдей біле бермейді. Мұның салдары жеке адам үшін де, мемлекет үшін де, қоғам үшін де ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, – деді Жандос Өмірәлиев.
Бас прокурордың бірінші орынбасары тағдыры таразыға түскен сәтте әрбір азамат өз құқығын нақты әрі толық білуі тиіс екенін атап өтті.
Сондықтан тағдыры таразыға түскен сәтте әрбір адам өз құқығын темірдей білуге тиіс. Бұл мемлекет беретін мызғымас қорған болуы шарт, – деді ол.
Осы тұрғыда Жандос Өмірәлиев әлемдік деңгейде мойындалған «Миранда» қағидасын ұлттық заңнамаға енгізу қажеттігін атап өтті.
Осы орайда әлемдік деңгейде мойындалған “Миранда” қағидасын заңымызға енгізу расымен де уақыт талабы. Ұсталған адамға оның не үшін айыпталғаны, қандай құқықтары бар екені егжей-тегжейлі түсіндірілмесе, оған қатысты кез келген тергеу амалдары заңсыз деп танылады. Бұл тергеудің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін басты кепілдік, – деді Бас прокурордың бірінші орынбасары.