Құдайы аста тәбәрік, жыртыс таратуды шариғат талап етпейді

18 Наурыз 2021, 14:51
6142
Бөлісу:
Құдайы аста тәбәрік, жыртыс таратуды шариғат талап етпейді

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Жаназа шығару, құдайы садақа беру, зират салудағы  діни рәсімдер әр өңірде әртүрлі. Осыны бір ізге салу қажет. Атырау облысының бас имамы Алnынбек Ұтысханұлы жергілікті жұртты Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының қағидаларымен таныстырды. Айтуынша, өліге зәулім сарай салу шариғатқа сай емес. 

Адам өмірен өткеннен кейін күзет деген бар. Оған кейде 500-ден көп адам жиналып жатады. Оның мән-мағынасын түсінбейтіндер көп. Күзетке өмірден өткен адамның туыстарының қайғысына ортақ болып, жұбату үшін баруы керек. Алайда осындай жиынға келіп, күліп, қалжыңдасып жүретіндер болады. Осындай олқылықтарды түзету үшін діни құжат қабылданды. Соның бірі зират және зиярат мәдениеті. Мәселен, зиратқа арналған орын елді мекеннен қашық, топырағы жұмсақ, қабір қазуға оңай, кең алқаптан таңдалуы керек. Қабірдің тереңдігін орташа ету, адам бойымен қазу бұл сүннет амалы. Орташа адамның кіндігімен деңгейлес болса болады. Қабірдегі мәйіттің оң жағы құбылаға қарайтындай етіп қазылуы керек. Қазір Атырау облысындағы зираттардың барлығы әркелкі. Осыған халық наразы. Бізге шағым айтып жатады. Сонымен қатар қабірге белгі қою шариғатта харам емес. Бірақ мешіт, медресе, зәулім ескерткіштер орнатуға болмайды, - дейді Атырау облысының имамы Алтынбек Ұтысханұлы. 

Сондай-ақ, діни мамандар құлпытаста жерленген адамның толық аты-жөні, туған және қайтыс болған күндері жазылса жеткілікті, ал суретін салуға тыйым салынатынын айтады. Оған қоса құдайы ас берудегі ысырапшылыққа бой алдырмауға шақырады. 

Қайтыс болған туысын ақтық сапарға шығаруға, оның садақасын беруге амалсыз несие алғандар да бар екен. Сондықтан бос ысырапты халық болып тоқтатуды, құдайы ас беру уақытын белгілеу қажет. Мұны әр ауылдың үлкендері көтеріп жүр. Осыған сай құдайы асты беру мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Асқа мал сою міндетті емес. Бауырсақ пен қаймағыңды қойып, келген ел соны ғана ауыз тиіп кете берсе де болады. Ол да садақа. Дастарханды сәндеуге болмайды. Ас та төк ысырап жасау кез келген отбасыға материалдық тұрғыда шығын әкеледі. Қасиетті Құранда: «...ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген, - дейді имам. 

Сонымен қатар құдайы аста тәбәрік, жыртыс дегенді таратуды шариғат талап етпейтінін, оған жұмсалған қаржымен мұқтажға көмек берген пайдалы екенін айтты.   


Өзгелердің жаңалығы