Қуаңшылық жайлаған өңірге Жетісудан 146 тонна жем-шөп жөнелтілді

27 Шілде 2021, 17:36
1639
Бөлісу:
Қуаңшылық жайлаған өңірге Жетісудан 146 тонна жем-шөп жөнелтілді

Алматы, BAQ.KZ. Батыс Қазақстанның қуаңшылық жайлаған өңіріне Алматы облысынан 73 тоннадан астам шөп, 73 тонна жем және ақшалай көмек жөнелтілді.

Биылғы жылғы құрғақшылық батыстағы шаруаларды әбден қыспаққа алып отырғандығы анық. Малға беретін жем-шөптің жоқтығын айтып халықтан көмек сұраған шаруалардың назын жетісу халқы назарсыз қалдырмады.

Алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған кәсіпкер Алмасбек Садырбаев «Маңғыстауға көмек» қорын ашқан. Бүгінгі күнде бүкіл Қазақстан халқы жұмылып 7 млн астам қаражат жинаған. Жиналаған қаражатқа 60 тонна шөп, 68 тонна бидай сатып алынды.

Батыстағы бауырларымыздың жағдайын естіп мен бірден көмек беруге кірістім. «Шопан ата» қауымдастығының қайырымдылық қорына және менің жеке шотыма қаражат жинап жатырмыз. Бүгінгі күнде жиналған қаражаттың барлығына тиісті жем-шөп алынды. Батыста құрылған 6 кооперативке жеткізілуде, - дейді Алмасбек Садырбаев.

Сондай-ақ Сарқан және Еңбекшіқазақ ауданының жанашыр жастары өз қолдарымен шөп шауып, көмек беруде. Сарқан ауданының белсенді жастары бүгінде 10 тоннадан астам шөп жөнелткен. Ал Еңбекшіқазақ ауданы 3 тоннадан астам шөп, 5 тонна жем және ақшалай көмек көрсеткен.

Айта кетейік, облыстың түкпір-түкпірінде әлі де жиналып жатқан ақшалай және материалды көмектер көп.

Өзгелердің жаңалығы