Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістандық еріктілер қуаңшылық өршіп тұрған елдің батысындағы шаруаларға шөп жібере алмай отыр. Жүкті тасымалдауға қолғабыс көрсетеміз деген «Қазақстан темір жолы» компаниясы, жүкті тасымалдау үшін еріктілерден ақша талап етіп отыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Түркістандық еріктілер Маңғыстау облысының шаруалары үшін жем-шөп дайындаған. Мұнайлы өңірдегі қуаңшылықтың салдарынан мал қырылып жатыр. Адамдар шұғыл түрде қайырымдылық жасап, жеп-шөп жинауға кірісіп кеткен. Еріктілердің сөзінше, жүкті жеткізіп беруге «Қазақстан темір жолы» компаниясы уәде берген екен. Еріктілер бес вагон жүкті тиеп, дайындап қойған екен. Бірақ енді жүкті діттеген жеріне жеткізіп беру үшін ҚТЖ ақы сұрап отыр.
Кеше осы бес вагонды жібермек болған едік, бірақ бізге кенеттен «жағдай өзгерді, енді тасымалдау үшін ақы төлеу керек» дейді. Әр вагон үшін 500 мың теңге талап етіп отыр. Оған қоса вагонның тұрғаны үшін 100 мың төлеу керек. Біз бес вагонға екі күн бойы жем-шөп тиедік. Енді бізге сендерді «счетчикке» қойдық, ақысы күн сайын өсетін болады деді, - дейді ерікті Мұрат Солтанбай.Жүк тиелген вагондардың жанында ондаған тюк шөп жатыр. Енді еріктілер мұның бәрін елдің батысына қалай жеткізерін білмей отыр. Егер осы жүк үшін төлесе, келесі жүкті жіберу үшін ақша қалмай қалады.
Қазіргі уақытта менде 7 млн теңге бар. Міне, тағы біреу 12 мың аударды. Бұл ақшаның барлығын қарапайым адамдар жіберіп жатыр. Біз бұл ақшаға шөп сатып аламыз. Енді тасымалдау үшін ақша төлесек, бар жиған-тергеніміз сонымен кетіп қалады да, шөп сатып алуға ақша қалмайды, - дейді ерікті Сайлаубай Мейірбеков.
ҚТЖ басшылары тегін тасымалдауға ешкім уәде бермегенін айтады. Бірақ компания қазір фермерлерге көмектесудің жолын қарастырып жатқандарын айтады.
Біз жүкті тегін жеткізіп бере алмаймыз. Ертең менен «сен қандай негізде вагондарды беріп, жүк тиеткіздің» деп сұралады. Мұның барлығы ақша ғой. Егер мүмкіндік болып жатса, көмектесеміз, - деді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС директорының орынбасары Марат Ибраев.
Ұлттық компанияда көмектесудің жолдарын қарастырып жатқанда, Түркістан облысының қарапайым тұрғындары еріктілерге ақша аударуды жалғастырып жатыр. Еріктілер қосымша ақша жинаса да жүкті жіберу керек деп отыр.