ҚТЖ: Қауіпсіздік шараларына мән бермеу қайғылы жағдайға әкеледі

29 Маусым 2021, 21:27
2768
Бөлісу:
ҚТЖ: Қауіпсіздік шараларына мән бермеу қайғылы жағдайға әкеледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері теміржол стансаларында 11 рет адам басу оқиғасына жол берілді. Бес жағдайда зардап шегушілер мас күйде жүрген. Жолда болатын қайғылы жағдайларға көбіне белгіленбеген жерден өту себеп болады. Теміржолдағы жарақаттанушылықтың алдын алу бойынша өткен кеңейтілген мәжілісте «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Қанат Көбесов осындай деректер келтірді деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Мамандар теміржол – аса қауіпті аймақ екенін және одан өткенде абай болмаудың салдары денсаулыққа, тіпті адам өміріне қауіп төндіретінін ескертеді. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-де бөгде адамдардың станса жолдарына шығуын болдырмау бойынша шаралар жоспары жүзеге асырылуда.

Соның аясында түсіндіру жұмыстары мен профилактикалық кездесулер өткізілуде. Көлік прокуратурасы, полиция, ИИДМ көліктік бақылаудың аумақтық аумақтық органдары, БАҚ өкілдерін тарту арқылы Үйлестіру кеңесінің 71-отырысы өткізілді. Теміржолға жақын орналасқан елді мекендердің 14 мыңнан астам тұрғынын қатыстыра отырып мыңдаған түсіндіру кездесуі ұйымдастырылып, оларға теміржолдан өту қауіптілігі мен ережелері түсіндірілді.

«Темір жол – қауіптілігі жоғары аймақ» тақырыбындағы қауіпсіздік сабақтары 237 оқу орнының 9,8 мың оқушысына өткізілді. Теміржолда рұқсат етілмеген, бірақ адамдар жаппай өтетін жерлерде мыңдаған рейд өткізілді.

«Қазақстан Республикасындағы өзін өзі басқару және жергілікті мемлекеттік басқару туралы» ҚР Заңының 31-бабына сәйкес көлік және инженерлік нысандардың құрылысы мен пайдаланылуы әкімдік құзыретіне жатады. Бұл ретте «ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржолға жақын орналасқан елді мекендер тұрғындарының қауіпсіздігіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Теміржолдың күшімен соңғы 4 жылда 54 шағын стансада жаяу жүргіншілер төсемі салынды.

2021 жылы 10 стансада жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарланып отыр. 25 станса мен жалпы ұзындығы 207 км 2 перегонда жолға бөгде адамдардың шығуына қарсы қоршаулар қойылды. Ай сайын өтпе жолдар мен жүргіншілер көпірінің, жаяу жүргіншілер жолдарының жолаушылар платформаларының техникалық жағдайы тексеріліп отырады. Темір жолда қауіпті білдіретін 237 ескерту белгісі орнатылып, 281 белгі жаңартылды.

Қазақстан азаматтарының бәріне айтарымыз – темір жолдан өту ережелерін мұқият сақтаңыздар. Өте абай және мұқият болу керек. Тек солай ғана қайғылы жағдайлардың алдын аламыз. Әр адам теміржол көлігі нысандарында жүргенде тек рұқсат етілген жерден ғана өтуі керек, яғни жаяу өткелдер, тоннелдер, көпірлер, өткелдер, жол өтпелерінен өту қажет. Уақытымды үнемдеймін немесе осы маған қолайлы екен деп теміржолды кез келген жерден кесіп өтуге болмайды. Бұл өміріңізге қауіпті, - деді Қ.Көбесов.

Теміржолды бойлай жүруге, жақындап қалған пойыздың алдынан кесіп өтуге, жүгіріп өтуге, пойыз өтіп кеткесін де қарама-қарсы құрамның жоқ екеніне көз жеткізіп алмай жолдан өтуге мүлдем болмайды. Стансалар мен перегондарда вагон астынан өтуге, үстіне мінуге, автотізбек арқылы өтуге және шеткі рельстен 5 метр қашықтыққа дейін жолды бойлай жүруге де тыйым салынады.


Өзгелердің жаңалығы