- Мұқаба
- Жаңалықтар
- КТК, NCOC және OPEC+: Мұнай бағасының өсуі Қазақстанға не береді?
КТК, NCOC және OPEC+: Мұнай бағасының өсуі Қазақстанға не береді?
Сарапшылар мұнай бағасының ел қазынасына әсерін атады.
11 Наурыз 2026, 08:16
Әлемдік нарықта мұнай бағасының көтерілуі жиі ел экономикасы үшін жақсы жаңалық ретінде қабылданады. Алайда сарапшылар қазіргі жағдай Қазақстан үшін айтарлықтай пайда әкелмейтінін айтып отыр. Мұның бірнеше себебі бар: Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы жеткізілімдегі қиындықтар, халықаралық консорциумдармен даулар және OPEC+ шектеулерінің әсері. BAQ.KZ тілшісі тақырыпты зерделеп көрді.
Сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасының қысқа мерзімді көтерілуі ел бюджетіне тікелей әсер етпейді. Керісінше, бұл жағдай кей жағдайда импорттық тауарлардың қымбаттауына алып келуі мүмкін.
Мұнай бағасы өссе де, Қазақстан неге пайда көрмейді
Халықаралық мұнай сарапшысы Олжас Байділдиновтың айтуынша, мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы мен Қазақстан мұнайының сатылу бағасы бірдей емес.
Оның сөзінше, нарықта көрсетіліп жүрген бағалар көбіне спот нарығына қатысты, ал Қазақстан мұнайы негізінен ұзақ мерзімді келісімшарттар арқылы сатылады.
Біздің мұнайымыз біз көріп жүрген бағамен сатылмайды. Ол – спот нарығының көрсеткіштері. Ал біздің мұнай негізінен ұзақ мерзімді келісімшарттар арқылы жеткізіледі. Есеп айырысу көбіне бір айдан кейін, айлық орташа котировкалар негізінде жүргізіледі, - деп түсіндірді сарапшы.
Сарапшы мысал ретінде наурыз айындағы жағдайды келтірді.
Мысалы, 9 наурыз күні бәрі “мұнай бағасы 119 долларға жетті” деп шулады. Бірақ нақты есеп жүргізілетін бағаның бекітілген деңгейі – шамамен 88 доллар. Яғни мұнай бағасы әлі 100 доллардан асқан жоқ. Күн ішінде көріп жүрген баға – біздің мұнай сатылатын нақты бағалар емес, - дейді ол.
Оның айтуынша, мұнай бағасының қысқа мерзімді көтерілуі экономикалық жағынан айтарлықтай әсер етпейді.
Қандай да бір оң нәтиже болуы үшін мұнай бағасы кем дегенде жарты жыл бойы жоғары деңгейде сақталуы керек. Ал бір апта бойы болған баға ауытқуы бізге ешқандай пайда әкелмейді, - деді сарапшы.
Сонымен қатар сарапшы КТК инфрақұрылымына жасалған шабуылдардың салдары әлі толық жойылмағанын атап өтті.
Біз әлі күнге дейін қараша айында КТК-ға жасалған шабуылдардан кейін өндірісті толық қалпына келтірген жоқпыз, - дейді Олжас Байділдинов.
Оның бағалауынша, бұл жағдай үлкен қаржылық шығынға алып келген.
Менің бағалауымша, сол шабуылдардың салдарынан шамамен 2 миллиард доллардан астам табыс жоғалттық. Қазір наурыз айында да біз ол шабуылдарға дейінгі өндіріс көлеміне әлі жете қойған жоқпыз. Сондықтан қуануға еш негіз жоқ, - деді спикер.
Сарапшының айтуынша, мұнай бағасының өсуі керісінше импорттық тауарлардың қымбаттауына әсер етуі мүмкін.
Керісінше, қазіргі жағдай Қазақстанда тауарлар мен азық-түлік бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін. Өйткені біз көптеген өнімді сырттан импорттаймыз. «Маған “мұнай бағасы бір баррель үшін 400 долларға жетсе не болады?” деген сұрақ қойды. Мен “онда сіздер үшін қызанақ қымбаттайды” деп жауап бердім. Себебі біз қызанақты Қытайдан аламыз, - дейді ол.
Байділдиновтың айтуынша, Қытайдың энергия шығындары өскен жағдайда импорттық тауарлардың бағасы да қымбаттайды.
Егер қазір Қытай үшін бұл арна жабылып, мұнай қымбаттаса, онда өндіріс шығыны да, логистика да қымбаттайды. Соның салдарынан Қытайдан импортталатын барлық тауар қымбаттайды. Мұнай бағасының қазіргі өсімі Қазақстан бюджетіне айтарлықтай әсер етпейді. Сондықтан мұнай бағасының өсіп жатқанына аса үміт артып, қуана берудің қажеті жоқ. Бұл Қазақстанның бюджетіне айтарлықтай әсері жоқ, - дейді халықаралық сарапшы.
КҚК арқылы жеткізілімдегі қиындықтар
Қазақстандық мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай жеткізу мәселесіне тоқталды.
Оның айтуынша, аймақтағы қауіпсіздік тәуекелдері тасымалдау процесіне әсер етуде.
КҚК арқылы жеткізілімдегі қиындықтар қазіргі дрондардың шабуылына байланысты қауіп төніп тұрғаны белгілі. Сондықтан мұнай жөнелтетін танкерлерінің құлшынысы артпай отыр, - деп атап өтті сарапшы.
Танкерлердің сақтандыру құны бірнеше есе өскен.
Олар алдын ала төлейтін сақтандырудың ақшасы көбейіп жатыр. Бірнеше есе 6-7 есе көтерілген, - дейді Абзал Нарымбетов.
Сарапшы бұл жағдай тасымалдаушылар үшін үлкен қаржылық тәуекел туғызатынын айтты.
Олардың шығыны орташа есеппен тәулігіне 50-100 мың болса, қазір 300 мыңның маңайында, - дейді спикер.
Сонымен қатар КТК инфрақұрылымындағы техникалық мәселелер де өндіріс көлеміне әсер еткен.
КҚК-ның мұнайды жүктейтін үш құрылғысы бар. Біреуі – жөндеуде болған, біреуі – істен шыққан, біреуі ғана жұмыс істеуде. Бұл жағдай мұнай өндіру көлемінің қысқаруына алып келген. Қаңтар айында мұнай көлемі 30%-ға қысқарған, - деді ол.
Сарапшының айтуынша, мұндай кедергілер тіпті кен орындарының жұмысына әсер етеді.
Ондай кедергілер шықса, 1500 шақырымнан келетін мұнай құбырын ертерек тоқтату керек. Сондықтан Теңіз, Қарашығанақ кен орындарында мұнайдың өндірісін төмендетуге мәжбүр болды, - деді сарапшы.
NCOC-пен даулар
Қазақстан мен халықаралық консорциумдар арасында бірнеше даулы мәселе бар.
Абзал Нарымбетовтің айтуынша, негізгі дау-дамайлар бірнеше бағытта жүріп жатыр.
Біріншісі – күкірттің шектен тыс сақталуы. Екінші – уақытында мұнайды өндіріске қоймай, шығынды көбейткені үшін мемлекет аз пайда табуда. Үшінші дау – кейбір шығындарды мемлекет есепке алмай отыр, - деп атап өтті спикер.
Сарапшы бұл даулар екіжақты сипат алғанын айтты.
Қазір мемлекет NCOC-ке ғана емес, компания мемлекетке қарсы да дау ашып отыр, - дейді ол.
Оның пікірінше, бұл процестің тез шешілуі екіталай.
Бұл мәселенің шешімін табуы ұзақ уақытқа созылып кетуі мүмкін, - деді сарапшы.
OPEC шектеулері және мұнай нарығындағы жағдай
Сарапшы OPEC+ саясатына да тоқталды.
Қазір OPEC шектеулерінен ақырындап босатып жатыр, - деді ол.
Бұл жағдайға Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай әсер еткен.
Әсіресе Таяу Шығыстағы мәселелер, мұнай бағасының өсуі, араб елдерінің мұнайды толығынан шығара алмауы, Ормуз бұғазынан мұнайды толық шығара алмау себеп болды, - дейді сарапшы.
Дегенмен сарапшы мұның Қазақстанға әсері шектеулі екенін айтады.
Қазақстан оның тікелей әсерін көре қоймайды деп ойлаймын, - деді спикер.
Мұнай бағасы және реформалар
Сарапшы мұнай бағасының ел экономикасына әсері әрқашан бірдей болмайтынын атап өтті.
Мұнай бағасы қатты төмендеген кезде ол көбінесе мемлекетті реформаға алып келеді. Ал мұнай бағасының жоғары болуы кейде керісінше әсер беруі мүмкін. Мұнай бағасы жоғары болса, ол қатты құлшыныс тудырмайды, - деп түсіндірді сарапшы.
Ол мұндай жағдайлардың мысалы ретінде бірнеше жобаны атады.
Мысалы, ЭКСПО, ЛРТ жобасы әлі де талқыланады. Ол жобалардың барлығы мұнай бағасы шарықтап тұрған кезде қолға алынған жобалар, - деп мысал келтірді спикер.
Сарапшы мұнай бағасының тым жоғары немесе тым төмен болуы экономикалық тұрғыдан тиімді емес екенін айтады.
Мұнай бағасының қатты төмен де, жоғары да емес, белгілі бір деңгейде тұрғаны абзал, - деді ол.
Сарапшылардың пікірінше, мұнай бағасының қазіргі өсімі Қазақстан үшін айтарлықтай экономикалық пайда әкелмейді. Бұған КҚК арқылы жеткізілімдегі қиындықтар, өндіріс көлемінің толық қалпына келмеуі, халықаралық даулар және OPEC+ шектеулері әсер етіп отыр.
Сонымен қатар мұнай бағасының қысқа мерзімді көтерілуі ел бюджетіне тікелей әсер етпейді. Керісінше, импорттық тауарлардың қымбаттауына ықпал етуі мүмкін.
Ең оқылған:
- "Өте жуас отбасы": Атыраудағы қылмысқа қатысты жаңа деректер шықты
- Мереке күндері жұмыс істегендерге екі есе ақы төленеді
- Мәулен Әшімбаев: Жаңа сын-қатерлерді еңсерудің жасампаз жолы
- Әрбіріміз еліміздің тағдырына әсер ете аламыз – "Жаңа адамдар" Қозғалысының көшбасшысы
- Атырауда 8-сынып оқушысы жараланды