"Кризис-менеджер болды". Қошанов Бердібек Сапарбаев жайлы ерекше естелік айтты

16 Ақпан 2024, 11:53
1827
Бөлісу:
"Кризис-менеджер болды". Қошанов Бердібек Сапарбаев жайлы ерекше естелік айтты
PHOTO
Фото: Артём Чурсинов

Елордада «Бердібек Сапарбаев тұлғасы: дағдарыс-менеджер феномені» республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр. Жиында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қоғам қайраткерінің қандай азамат болғанын еске алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бердібек Мәшбекұлын бүкіл халық болып соңғы сапарға қимастықпен шығарып салғанымыз күні кеше ғана сияқты еді. Бүгін біртуар тұлғаның “екінші өмірі” басталғанына куә болып отырмыз, - деді спикер.

"Кризис-менеджер болды". Қошанов Бердібек Сапарбаев жайлы ерекше естелік айтты

Туған халқына, ұлтына риясыз қызмет ету, қызмет ете жүріп, тұтас елдің шынайы алғысын алып, құрметіне бөлену екінің бірінің тағдыр-талайына бұйыра бермейтін бақыт. Ондай тұлғалардың есімі мемлекеттің, ұлттың тарихында ұмытылмастай алтын әріптермен жазылып қалады. Халық жадында өшпейтін із қалдырған сондай тұлғалардың бірі - Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев.

Ол кісінің мәнді де, мағыналы ғұмыры бейнелеп айтқанда “аттың жалында, түйенің қомында” өтті деп айтуға болады. Еліміздегі ең қиын салаларға жетекшілік жасады. Бес бірдей облысқа әкім болған Қазақстандағы жалғыз тұлға және өңірдің барлығы да мәселесі күйіп тұрған кезде Бердібек Мәшбекұлы сол өңірлерге басшылық жасады. Қазір осы 5 облыс дербес 7 облысқа айналды. Ол нағыз кризис-менеджер болды деп айта аламыз. Бердібек Мәшбекұлы барғаннан кейін сол аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай оңала бастайтынын бәріңіз білесіздер, - деді Қошанов.

"Кризис-менеджер болды". Қошанов Бердібек Сапарбаев жайлы ерекше естелік айтты

Мәжіліс төрағасы Сапарбаеатың 1990 жылдардың басында ең күрделі кезеңде Қызылорда облысын басқарған кезін еске түсірді. Сөзінше, еңсесі түскен, экономикасы құлдыраған өңірді аз уақытта аяққа тұрғызды.

Оңтүстік Қазақстан облысында да іргелі істерімен ел есінде қалды. Ол жақта тұтас өңір жарықсыз, сусыз отыратын. Елдің бәрі далада ошақ құрып, қазан асып кеткен қиын кезеңдер болды. Осы күрделі мәселені шешу үшін Бердібек Мәшбекұлы орталықтағы құзырлы органдармен тартысуға дейін барды. Және сол проблемалардың бәрін шешті де. Ақсақалдардың басын біріктіріп, кәсіпкерлерді жұмылдырып, асарлатып, бірнеше мектеп салдырды, - деп еске алды Қошанов.

Ол Бердібек Сапарбаевтың іскерлігі, ұйымдастырушылығы Әлеуметтік министр болғанында айрықша көрінгенін атап өтті. Сапарбаев көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық танытқан нағыз атына заты сай әлеуметтік министр болды.

"Кризис-менеджер болды". Қошанов Бердібек Сапарбаев жайлы ерекше естелік айтты

Ерлан Қошанов өзі куә болған жайтты есіне алды.

Қателеспесем осыдан 10-15 жыл бұрын Бердібек Мәшбекұлымен бір делегация құрамында Алматыға іссапармен бардық. Сол кезде екеуіміз бір көлікте келе жаттық. Бір уақытта Бекең “мына жерге бұрыла кетейік” деп көлікті бұрғызып, бір кішкентай дүңгіршектің қасына барып тоқтадық. Барсақ, дүңгіршектің жанында бір қария мен кемпірі тұр екен. Бердібек Мәшбекұлы олармен біраз әңгімелескеннен кейін әрі қарай кеттік. Сосын мен туысымен амандасқан болар деп, “бұл туысыңыз ба?” деп сұрадым. Сөйтсек, жаңағы ақсақал Астанаға келу үшін жеке шаруасымен Бердібек Мәшбекұлына сұранып жүр екен. “Мен ол кісі Астанаға әуре болып келмей, ақыры келгеннен кейін жолдан бұрылып, жарты сағат уақытымды бөлдім” деп ақсақалды салбыртпайын деп әдейі кездескен екен. Сол кезде шыны керек таңғалдым. Сол кездегі жас азамат үшін бұл өмірлік тағылым болды, - деп Қошанов мақтанышпен еске алды.

Өзгелердің жаңалығы