Петропавлда СОБР қызметкерлері 1,1 млн теңгеден астам қаржыны алаяқтарға аудармақ болған ер адамды тоқтатты. 57 жастағы қала тұрғыны ақшаны криптовалютаға инвестиция салу деген сылтаумен жібермек болған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің арнайы мақсаттағы жедел қимыл жасағының қызметкерлері Қарасай Ботпаев пен Бауыржан Ахмет «Рахмет» сауда үйінде кезекшілікте болған. Қарасай Ботпаев банкомат маңында қолында бір бума ақша ұстап, телефонмен алаңдап сөйлесіп тұрған ер адамды байқайды.
Полицей өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсеткенімен, тұрғын алғашында оған сенбеген. Сол кезде Ботпаев формалы киімдегі әріптесін шақырған. Осыдан кейін ер адам полицейлердің сөзін тыңдаған.
Тұрғын Binance платформасында криптовалютамен сауда жасайтынын айтқанымен, оның қандай платформа екенін түсіндіре алмаған. Кейін оның интернеттен табыс табу туралы хабарландыру көріп, онда көрсетілген Telegram байланысына жазғаны анықталды. Әңгімелесушілер оған криптовалюта арқылы ақша табуды ұсынып, инвестициядан түсетін болжамды табыстың графиктерін жіберіп отырған.
Полицияның мәліметінше, бұл адамдардың нақты криптовалюта биржасына қатысы болмаған. Ер адам ақшаны соларға аудармақ болған, алайда СОБР қызметкерлері дер кезінде тоқтатты. Нәтижесінде тұрғын қаржылай шығынға ұшыраған жоқ.
Өңірдегі сауда үйлерінде мұндай кезекшіліктер тұрақты түрде өтеді. Полицейлер сағат 09:00-ден сауда орны жабылғанға дейін жұмыс істейді. Бір қызметкер формамен қоғамдық тәртіпті бақылайды, ал екіншісі азаматтық киіммен интернет-алаяқтықтың алдын алады.
Полиция азаматтарды оңай табыс туралы уәделерге сенбеуге және өздері толық білмейтін қаржы құралдарына, әсіресе бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша салмауға шақырды.
Сонымен қатар ведомство туыстарының атынан жасалатын бейнеқоңырауларға байланысты ескерту жасады. Қарасай Ботпаевтың тәжірибесінде алаяқтардың интернетте жарияланған фотосуреттерді пайдаланып, нейрожелілер арқылы адамның сыртқы бейнесін өзгерткен жағдайлар болған.
Егер жақын адамыңыз бейнеқоңырау кезінде ақша аударуды сұраса, алдымен оның кім екенін тексеру керек. Ол үшін бөгде адам біле алмайтын сұрақтар қойып, жауаптарына көз жеткізу ұсынылады.
Қаржыға қатысты кез келген ақпаратты ресми арналар арқылы тексерген жөн. Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда полицияға дереу хабарласу қажет.