Алматы, BAQ.KZ. Өткен жылы қылмыстың ең жоғары деңгейі еліміздегі экономикасы белсенді дамып жатқан аймақтарда белгіленген. Қылмыс көп жасалған аймақтар көшінде Алматы, Алматы облысы, Нұр-Сұлтан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары тұр.
ҰЭМ статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың қаңтар-қараша аралығында елімізде 230 мың қылмыстық жасалған. Оның 53% немесе 123 мыңы осы бес өңірге тиесілі.
Бұл рейтингтің басында Алматы қаласы тұр. Елімізде тіркелген әр бесінші қылмыс осы қалада тіркелген. Жалпы Алматыда 50 мың қылмыс тіркеліпті, оның 33 мыңы – ұрлық, 10,7 мыңы – тонаушылық.
Екінші орында Алматы облысы тұр, онда 21 мың қылмыс тіркелген. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы – 18 мың, ШҚО – 17 мың, Қарағанды облысында 15 мың қылмыс тіркелген. Ең жайлы өңір Маңғыстау облысы болған, онда 4 мың қылмыс тіркелсе, Қызылорда облысында – 5 мың, Атырау облысында – 6 мың.
Заң бұзу бойынша алғашқы орында ұрлық тұр – 130 мың жағдай тіркелген, екінші орында – тонау, үшінші орында экономикалық қылмыстар – 1 мың жағдай.