Кредитор қарыз алушының үйін қандай жағдайда алуға құқылы екені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өтіп жатқан брифингте Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтып берді.
Вице-министрді банкроттықтың екінші рәсімі – сот банкроттығын түсіндіріп берді.
Сот банкроттығы тәсілін азаматтар қарызы 1 600 АЕК-тен астам (2023 жылы - 5 млн 520 мың теңге) және кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрі бойынша қолдана алады. Сот банкроттығы кезінде борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылады, - деп айтты Қаржы министрлігі өкілі.
Сөзінше, мұнда да өзінің нюанстары бар.
Яғни кредитор борышкердің жалғыз тұрғын үйін сот банкроттығы барысында ол кепіл нысаны болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы. Түскен қаражат белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар алдындағы борыштарды өтеуге жіберіледі, - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ айтуынша, борыштың қалған өтелмеген сомасы борышкердің жосықсыз белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады. Яғни ол мүлікті және ол туралы ақпаратты жасырмауы және жалған мәліметтер бермеуі керек.
Ержан Біржанов банкроттық рәсімін азаматтар соңғы шешім ретінде ғана қолдануы керегін айтты.
Бұған дейін соттан тыс банкроттық рәсімі туралы ақпарат берген болатынбыз.