Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төтенше жағдай кезеңінде қаржылық жай-күйі нашарлаған жеке тұлғалар мен бизнес өкілдері 2020 жылғы 15 маусымға дейін кез келген уақытта кредиттер бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға өтініш бере алады.
Бұл туралы FinGramota.kz хабарлады.Ағымдағы жылғы 4 маусымдағы жағдай бойынша 266,7 млрд теңге сомасына 1 млн 880 мыңнан астам төлем мерзімін кейінге қалдырылды.
Жалпы сомасы 164,6 млрд теңгеге шағын және орта бизнес пен ДК 12,4 мың өкілі төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігіне ие болды.
2020 жылғы 26 наурыздан бастап ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібін қабылдады. Ол 2020 жылғы 16 наурызға дейін берілген барлық қарызға және банктерді, МҚҰ-ны, ломбардтарды, онлайн-кредиторларды қоса алғанда, барлық кредиттік ұйымға және басқаларға қатысты қолданылады, - делінген хабарламада.
Тәртіпке сәйкес төлем мерзімін кейінге қалдыру төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен мынадай тұлғалар санаттарына беріледі:
Біріншіден, бұл халықтың әлеуметтік осал топтары, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органда тіркелген жұмыссыздар. Осы санаттағы адамдарға өтініш беру талап етілмейді. Банктер және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қарыз алушының келісімімен біржақты тәртіппен жұмыстар жүргізеді және төлемдерді тоқтата тұру туралы хабардар етеді.
Екіншіден, карантин немесе төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған жеке тұлғалар кредиттік ұйымға 2020 жылғы 15 маусымға дейін қаржылық жағдайының нашарлағаны туралы өтініш жазуға жеткілікті. Өтінішті электрондық поштаның, "Банк-клиент" онлайн-жүйесінің, интернет-ресурстың, мобильдік қосымшаның немесе басқа да байланыс құралдарының көмегімен беруге болады. Кредиттік ұйым өтініш негізінде 10 (он) жұмыс күні ішінде төлемдерді тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды және қарыз алушыға қолжетімді тәсілдермен хабардар етеді.
Оң шешім шыққан жағдайда, кредиттік ұйым қарыз алушымен келісе отырып, қарыз алушы үшін қарызды өтеудің ыңғайлы кестесін белгілейді. Төлемдерді тоқтата тұрудан бас тарту туралы шешімді кредиттік ұйым өзінде жеке тұлғаның қаржылық жағдайының нашарламағаны туралы ақпарат болған жағдайда қабылдайды.
Төлемдерді тоқтата тұру қарыз алушының кредиттік тарихының нашарлауы және қарыз алушы туралы кредиттік бюроға теріс ақпарат ұсыну үшін негіздеме болып табылмайтындығын білген жөн.
Үшіншіден, төлемдер бойынша мерзімін кейінге қалдыруды мына талаптардың біреуін сақтаған кезде дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, шағын және орта бизнес субъектілері алады. Бұл экономика салаларында ТЖ енгізу нәтижесінде барынша зардап шеккен немесе қаржылық жағдайы нашарлаған қызметті (сатылған тауарлар және (немесе) көрсетілген қызметтер көлемінің төмендегені, сатып алушылардан ақы төлеудің кешіктіргені, тоқтата тұрғаны, мерзімін ауыстырған (тоқтата тұрған), қызметкерлердің штат саны қысқарғаны расталған кезде немесе төтенше жағдай режимінің қолданылу кезеңінде басқа да объективті себептер бойынша) жүзеге асыру.
ШОБ және ДК өкілдері 2020 жылғы 15 маусымға дейін кез келген уақытта кредитік ұйымға өтініш беріп, қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредиттер бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға үміткер бизнес өкілдерінің қызмет түрлерінің тізімін кеңейтті. "Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібін бекіту туралы" Агенттіктің бұйрығына тиісті өзгерістер ағымдағы жылдың мамыр айының соңында енгізілді. Осы бұйрыққа қосымша қызмет түрлерінің 357 сыныптамасын қамтиды, - делінген таратылған ақпаратта.
Төлем мерзімін кейінге қалдыруды ұсынудан негізсіз бас тартқан жағдайда қарыз алушылар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдармен жүгінуге құқылы, оларды қарау нәтижелері бойынша қаржы реттеушісі өзінің өкілеттіктеріне сәйкес шаралар қабылдайды.