- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Креативті экономика: Қазақстанда шығармашылықты табыс көзіне айналдыруға не кедергі?
Креативті экономика: Қазақстанда шығармашылықты табыс көзіне айналдыруға не кедергі?
28 Қазан 2026, 14:29
Қазақстанда креативті экономиканы дамыту жөніндегі ведомствоаралық кеңес құру ұсынылды. Бастама «Креативті экономика туралы» заң жобасын талқылау кезінде көтерілді. Сала өкілдері бірнеше мемлекеттік органның жұмысын үйлестіру қажет екенін айтып отыр. Ал шығармашылық идеяны табысты бизнеске айналдыруға не жетіспейді? BAQ.KZ тілшісі осы сауалды экономист Алдияр Саматовқа қойды. Оның сөзінщше, сапалы туынды жасаумен қатар, оны нарыққа шығарып, тұрақты табыс әкелетін өнімге айналдыра білу маңызды.
Кино, музыка, дизайн, анимация және компьютерлік ойындар – шығармашылық еңбек пен кәсіпкерлік тоғысатын салалар. Олардың экономикалық құны дайын өнімді сатумен шектелмейді. Авторлық құқықты пайдалануға беруден, халықаралық платформалармен жұмыс істеуден және шетелдік инвестиция тартудан да кіріс түсуі мүмкін.
Алайда жақсы идеяның болуы оның коммерциялық тұрғыда табысты болуына кепілдік бермейді. Өнімді әзірлеу, аудиториясын анықтау, жарнамалау және сату бір-бірімен байланысқанда ғана шығармашылық тұрақты кәсіпке айналады.
Сапалы өнім бар, оны сату жолы қандай?
Экономист Алдияр Саматов креативті индустриядағы негізгі қиындықтардың бірі шығармашылық пен бизнесті ұштастыруға қатысты екенін айтады. Оның пікірінше, авторлар туындының сапасына басымдық бергенімен, оны коммерцияландыру мәселесі кейде жеткілікті пысықталмайды.
Жақсы кино немесе жақсы ойын жасалған күннің өзінде, оны шығарған адамдарға бизнесті жүргізу дағдылары жетіспеуі мүмкін. Өнім сапалы болғанымен, оны коммерцияландыру, жарнамалау және одан тұрақты табыс табу қиындық туғызады. Нарықтың шектеулі болуы да әсер етеді. Туындыға белгілі бір аудитория тарапынан сұраныс болғанымен, оның үнемі сақталатынына кепілдік жоқ, - дейді Алдияр Саматов.
Бұл жерде мәселе шығармашылық қабілетпен қатар, нарықты түсінуге тіреледі. Мәселен, фильм түсірілгеннен кейін оны қайда көрсетуге болады, көрерменге қалай таныстырады, жарнамаға қанша қаражат жұмсалады? Ойын әзірленсе, оны кім сатып алады және пайдаланушыны ұстап қалу үшін не қажет? Осы сұрақтардың жауабы жоба басталған кезде-ақ қарастырылуға тиіс.
Экономистің айтуынша, бәсекелестік те жобаның табысына әсер етеді. Бір-біріне ұқсас туындылар көбейген жағдайда аудиторияның назарын аудару қиындайды. Сондықтан өнімнің ерекшелігі мен тұтынушыға ұсынатын құндылығы анық болуы қажет.
Кино мен музыка экономикаға қалай табыс әкеледі?
Креативті индустрияның экономикалық әсерін билет сатылымымен немесе концерттен түскен кіріспен ғана бағалау жеткіліксіз. Бұл салалар жұмыс орындарын құрып, қызметтерге сұраныс қалыптастырады. Өнім шетелге сатылса, экспорттық түсім әкеледі.
Креативті индустрия қазірдің өзінде мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Үкімет мәліметінше Қазақстанда осы салада 46,4 мың компания жұмыс істеп, 156,7 мың адам еңбек етеді. Елдің барлық 20 өңірінде креативті хабтар іске қосылған. Бұл шығармашылықты кәсіпке айналдыруға қызығушылық бар екенін көрсетеді. Ендігі мәселе - сол жобалардың нарықта орнығып, тұрақты табыс табуына жағдай жасау.
Алдияр Саматовтың пікірінше, әр бағыттың табыс табу жолы әртүрлі болғанымен, олардың барлығында халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі бар.
Ойындарды халықаралық нарықта сатуға, фильмдерді шетелдік және стримингтік платформаларға ұсынуға болады. Кинотуындының ремейкін жасау құқығын беру де табыс әкелуі мүмкін. Музыкада стримингтен бөлек, туындыны жарнамада, фильмде немесе ойында пайдалануға рұқсат беру арқылы кіріс табуға мүмкіндік бар, - дейді экономист.
Осы тұста шығармашылық өнімді бір рет сатылатын тауар ретінде ғана қарастыру оның мүмкіндігін шектейді. Мәселен, музыкалық шығарма әртүрлі жобада пайдаланылуы, ал фильмді көрсету құқығы бірнеше нарыққа ұсынылуы мүмкін. Мұндай кірістің қалыптасуы құқықтардың дұрыс рәсімделуіне және келісімшарт талаптарына байланысты.
Зияткерлік меншік неге маңызды?
Креативті экономикада негізгі активтің бірі - автордың зияткерлік еңбегі. Сценарий, ән, кейіпкер бейнесі немесе дизайн табыс әкелуі үшін оны пайдалану тәртібі түсінікті болуы керек.
Алдияр Саматов лицензиялау мен зияткерлік меншікті қорғау мәселелерін де саланың дамуына ықпал ететін маңызды факторлар қатарына жатқызады.
Зияткерлік меншікті қорғау, лицензиялау мәселелері де бар. Шығармашылық өнімді жасап шығару жеткіліксіз, одан табыс алу мүмкіндігін де ескеру қажет,- дейді ол.
Автор туындысын кімге, қандай мерзімге және қандай аумақта пайдалануға беретінін түсінуге тиіс. Келісімшарттағы осы талаптар болашақ кіріске тікелей әсер етеді. Сондықтан шығармашылық мамандарға кәсіпкерлік біліммен бірге құқықтық сауат та қажет.
Инвестор идеядан бұрын нені бағалайды?
Креативті жобалардың тағы бір маңызды мәселесі – қаржы тарту. Өнім дайын болғанға дейін шығын жұмсалады, ал оның қаншалықты табысты болатыны алдын ала белгісіз. Осындай жағдайда инвесторға жобаның көркемдік құндылығымен қатар, экономикалық негіздемесін де ұсыну керек.
Алдияр Саматовтың айтуынша, жеке капиталды қызықтыру үшін қаржының қалай пайдаланылатыны және қандай жолмен қайтарылатыны көрсетілуге тиіс.
Кез келген жобаны ұсынар алдында оның қаншалықты рентабельді, тиімді болатынын инвесторға көрсете білу қажет. Салған қаражаты қанша уақытта қайтады, күтілетін кірістілік қандай болады – осының бәрі нақты есеппен ұсынылғаны дұрыс, - дейді экономист.
Мұндай есепте өндіріс шығынымен қатар, жарнама, тарату және өнімді нарыққа шығару шығындары да қамтылуы керек. Болжамды сатылымның қандай дерекке сүйеніп жасалғаны, сұраныс күткеннен төмен болған жағдайда жобаның қалай әрекет ететіні де маңызды.
Экономист қаржы тартудың бірнеше жолын атайды. Олардың қатарында мемлекеттік гранттар, жеке инвестициялар, венчурлық қорлар, краудфандинг және алдын ала тапсырыс бар. Дегенмен әр құралдың жобаға сәйкестігін бағалау қажет.
Қаражатты қауымдастық құру арқылы да тартуға болады. Мысалы, музыка немесе кино жобаларына жанкүйерлердің қолдауын жұмылдыруға мүмкіндік бар. Алдын ала тапсырыс алу немесе тапсырыс берушіге коммерциялық контент әзірлеу де қаржыландыру жолдарының бірі, - дейді Алдияр Саматов.
Кеңес қандай мәселені шешуі керек?
Креативті экономиканы дамыту жөніндегі кеңес құру ұсынысы осы мәселелерді бірлесіп қарастыру қажеттігін көрсетеді. Қазақстанның креативті индустриялар альянсы шамамен 12 мемлекеттік органның жұмысын үйлестіруді ұсынған. Ал заң жобасын талқылау кезінде саланың экономикадағы үлесін 3%-ға жеткізу мақсаты айтылды. Кеңес құру әзірге ұсыныс ретінде қарастырылып жатыр.
Шығармашылық жобаның дамуына білім беру, қаржыландыру, салық саясаты, авторлық құқық және экспортқа қолдау қатар әсер етеді. Сондықтан ортақ үйлестіру осы бағыттардағы шешімдерді байланыстыруға мүмкіндік беруі мүмкін.
Креативті экономиканың өсуі сапалы туындының көбеюімен бірге, сол туындыны жасаған адамның тұрақты табыс табу мүмкіндігіне де байланысты. Талантты кәсіпке айналдыру үшін автордың жанында өнімді нарыққа жеткізе алатын менеджмент, қаржы және құқықтық қолдау болуы қажет.
Ең оқылған:
- Алматыда 1200-ге жуық пәтердің тұрғындары баспанасынан айырылып қалуы мүмкін
- Алматыда күніне төрт банкаға дейін энергетик ішкен жігіт ауруханаға түсті
- Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика күнімен құттықтады
- Қазақстан мен Қырғызстан: Қай елде жәрдемақы көп төленеді?
- Қазақстанда қанша кәсіпкер жұмысын тоқтатты? Жұманғарин депутаттарға жауап берді
Аида БАТУХАН