Қожағапанов суицид, нашақорлық мәселелерін қалай азайтуға болатынын айтты

18 Мамыр 2021, 10:43
1861
Бөлісу:
Қожағапанов суицид, нашақорлық мәселелерін қалай азайтуға болатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша халықты дене шынықтырумен және спортпен қамту 31,6%-ға жетті. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов айтты. 

Бүгін Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Бұқаралық және балалар спортын дамыту - саламатты ұлтты қалыптастыру негізі» тақырыбында бейнеконференция форматында кеңейтілген отырыс өтіп жатыр.

Стратегиялық жоспарға сәйкес министрлік бұқаралық спортты одан әрі дамыту және әлемдік спорт аренасында жоғары жетістіктер спортының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде.

2020 жылдың қорытындысы бойынша халықты дене шынықтырумен және спортпен қамту 31,6%-ға жетті. Бұл республиканың дене шынықтыру-спорт қозғалысына 5,9 млн адамның қатысатынын куәландырады. Салауатты өмір салтын насихаттау шеңберінде 2020 жылы республика бойынша 1,5 млн астам адамды қамти отырып, 21 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізілді, - дейді Ерлан Қожағапанов кеңейтілген отырыста.

Оның айтуынша, бұқаралық спортты дамытудағы бағыттардың бірі мектеп және студенттер лигаларын өткізу.

Бұқаралық спорттың бұл бағыты өскелең ұрпақтың денсаулығын қамтамасыз етіп қана қоймай, суицид, нашақорлық және балалар қылмысы сияқты көптеген әлеуметтік мәселені шешеді.

Жалпы білім беретін мектептерде спорттың әртүрлері бойынша спорт секцияларының желісі кеңеюде. Мектеп спортын дамыту мақсатында «Ұшқыр доп» (гандбол), «Теңбіл доп» (футзал), «Былғары доп» (футбол), «Шұбар доп» (волейбол), «Алтын доп» (баскетбол) сияқты жобаларды қолға алдық. Бұл жарыстарға жыл сайын Қазақстанның түрлі өңірлерінен 40 мыңнан астам оқушы қатысады, - дейді вице-министр.

Ол сонымен қатар жергілікті деңгейде 188,9 мың бала мен жасөспірім қамтылған 602 балалар мен жасөспірімдер клубтары (БЖК), 119 балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру-сауықтыру клубтары (БЖДШСК) жұмыс істейтінін атап өтті.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына тоқталған болатын.

Өзгелердің жаңалығы