Ковидтан кейін ауруы асқынғандар оңалту орталықтарында тегін емделе алады

19 Наурыз 2022, 04:25
1932
Бөлісу:
Ковидтан кейін ауруы асқынғандар оңалту орталықтарында тегін емделе алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл өткен сайын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда. Қор елімізде оңалту қызметтерінің дамуына қолдау көрсетеді, оның ішінде науқастардың коронавирустан кейінгі жағдайларын оңалтуға, қауіпті созылмалы сырқаттардың ерте сатыда дамуының алдын алуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы оңалту қызметтерін көрсететін 45 медицина ұйымымен келісімшарт жасаған. Олардың ішінде: жекеменшік – 20, мемлекеттік – 22, республикалық – 3 медицина ұйымы бар» деп хабарлайды  Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының баспасөз қызметі.

Жалпы, медициналық оңалту үш кезеңнен тұрады:

Біріншісі, ауруы асқынып тұрған науқастарға, хирургиялық операция жасатқан, жарақат алған адамдарға арналған. Ол стационарлардың құрылымдық бөлімшелерінде жүргізіледі.

Егер пациентті ауруханаға жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және негізгі ауру емделіп болғаннан кейін пациент оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жіберіледі.

Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, мамандандырылған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізілуі қажет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқасты денсаулық жағдайына, тағы да басқа факторларға байланысты.

Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, шипажайлар мен курорттарда, үйдегі стационар жағдайында, сондай-ақ қашықтықтан жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді. 

МӘМС енгізілгелі бері медициналық оңалту да дами бастады. 2021 жылы елордада бұл бағытта 4,6 млрд теңге жұмсалған. Елорданың күндізгі стационарларында 98,2 мың пациент оңалтудан өтсе, тәулік бойғы стационарларда – 129 мың адам оңалтудан өткен. Амбулаториялық-емханалық деңгейде елорда тұрғындарына 671 мың оңалту қызметі көрсетілді, - деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Коронавирустық пандемия оңалтудың қаншалықты қажет екенін және қаншалықты маңызды екендігін көрсетті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру бойынша белсенді жұмыстарды жалғастыруда.

Коронавирус инфекциясы ковидтен кейінгі түрлі асқынулармен ауырғандар үшін қауіпті. Ковидтен айығып шыққан науқастардың басым көпшілігі, демікпемен қоса, жүрек, буын ауруларының белгісі мазалайды. Сондықтан науқас короновируспен ауруханаға түскен кезде ем-шарамен бірге дәрігер реабилитологтың да кеңесін алады. Маман өзінің қосымша емдеуін тағайындайды. Ол тегін медициналық көмектің кепілендірілген көлемі аясында көрсетіледі. Ал екінші және үшінші оңалту кезеңін пациент Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында алады, - деп түсіндіреді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Сандуғаш Қиясбайқызы Болысбекова.

Атап өтейік, жыл өткен сайын тұрғын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда. Бұл пациенттің үздік клиниканы таңдауына мүмкіндік береді. Қазіргі күні Қор Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 113 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасады, оның 76-сы – жекеменшік клиникалар. Медициналық қызмет жеткізушілер тізімін Қордың  fms.kz сайтынан қарауға болады.

Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жекеменшік медициналық қызмет жеткізушілердің бірі – «Адал ниет Астана» қайырымдылық қоры жанындағы медициналық оңалту орталығында күндізгі стационардың 2  кезеңі бойынша ковидтан кейін медициналық оңалтудан өтуге болады. Ковидтан кейін ауруы асқынғандар медициналық сақтандыру аясында оңалту орталықтарында тегін емделе алады. Дерті дендеп, денсаулығы сыр берген пациенттер күндізгі немесе тәуліктік стационарда ем қабылдауға құқылы. Өткен жылдан бері ковид жұқтырған 300-ге жуық науқас «Адал-Ниет Астана» орталығының оңалту қызметіне жүгініп, жазылып шыққан.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры оңалту шараларына көп көңіл бөледі. Қазір біз оңалту жұмыстарын дамытуға күш салудамыз. Дәрігер науқасты қарағаннан кейін қажетітілігіне қарай оңалтуға жолдама береді. Ем курсы – 5-6 күн. Емге:

•         Массаж (барлық түрі)

•         ЕФК (оның ішінде, тыныс алу гимнастикасы, цигун)

•         Физиоемдеу

•         Тұз шахтасы, кислородты коктейль,

•         Бассейн, фитобочка

•         Бинауральды терапия

•         Психикалық түзету және психологиялық ем-шаралар кіреді», - деп түсіндіреді «Адал ниет Астана» жекеменшік қайырымдылық қорының жетекшісі Б.Бейсенбаева.

Ковидтің салдарынан дертім асқынған еді. Қаным қоюланып, бас қан тамырларым ұйып, денсаулығым сыр берді. Инсультпен түстім. Миыма қан кетіп, кезекті рет инсульт алып келгенде сөйлей алмадым. Қазір жағдайым жақсы. Өзімді жақсы сезінемін, қалыпты өмірге оралдым. Қалада осындай оңалту орталығы барына, науқастарға ем-дом жасап, ерекше көңіл бөлген ондағы дәрігерлер мен мейірбикелерге рахмет! – деп алғысын білдірген зейнеткер Светлана Нұрәлиева өз ауру тарихын айтып берді.

Салиха Тәуекелқызы да індеттің залалын көрді. Коронавируспен ауырғаны сол, кейін буындары қақсай берген.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқасында медициналық сақтандыру арқылы осы «Адал ниет Астана» оңалту орталығына тегін жолдамамен келіп, қазір емделіп жатқан жайым бар. Қазір бәрі жеңілдеді. Одан кейін гимнастика, дұрыс демалуды үйрететін гимнастика бар. Мұнда ковидтан кейін ауруы асқынғандар тегін емделе алады. Науқастардың шағымына сәйкес ем-шара тағайындалады. Пульмонология, терапия, неврология, ортопедия, травматология бөлімдері бар. Қосымша массаж, физиотерапия жасалады. Пациенттер бассейнге түсіп, тұзды шахтаға бара алады, - дейді зейнеркер Салиха Тәуекелқызы.

"Адал Ниет Астана" медициналық орталығының реабилитолог-дәрігері Ыбырай Дәулеттің айтуынша, науқастар өзінің жергілікті емханасынан жолдама алады, портал арқылы бірінші терапевтке келеді. Одан кейін терапевт өзінің емдік шараларын тағайындап, дәріні процедура барысында тегін береді. Көбінесе инсульт алған науқастар келеді. Сонымен қатар ковидтен және инфарктан кейінгі з ем-дом жасайды. Оңалту орталығы МӘМС аясында қызмет көрсетеді. 

Егер емделушіге медициналық көмек беруден бас тартса немесе оңалту ережелеріне қатысты сұрақтар туындаса, Қордың елордалық филиалына 1406 байланыс арқылы хабарласуға болады.

Өзгелердің жаңалығы